ҒЫЛЫМ ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына өтінімдер қабылдаған болатын. Нәтижесінде М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, "Мұнай-газ ісі" кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Қабдушев Арман Арыстанғалиұлы "Дифференциалды қасиеттері бар тампонажды ерітінділер әзірлеу" тақырыбындағы жобасы үздік деп танылып, жобаны жүзеге асыру үшін 48,6 млн теңге арнайы грант бөлінді.

Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Ғылым жолында жүрген жастарға қолдау мақсатында жобаларын іске асыру үшін мемлекет қамқорлық танытып қаржы бөлуде. Үлкен қолдау барда жалынды жастарға бейқам жатуға болмайды. Жігерленіп жұмыс жасап, ел дамуына өскелең ұрпақ өз үлесін қосуы тиіс. Болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген жас ғалым Арман Арыстанғалиұлы жігерлі жастардың бірі.

Арман Қабдушев Дулати университетінің түлегі. Жалындап тұрған жастың таудай талабын көрген факультет деканы, профессор Сағат Мырзашев қабілетін танып, ғылым жолына түсуіне ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар көрсетті.

Білім мен ғылымның кәусарына бас қойған Арман Арыстанғалиұлы магистратураны, сонан соң докторантура тәмамдап, ысылды, тәжірибе жинақтады, үлкен ғалымдармен танысты, ұстаз тапты.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетіне докторантурада жүріп Фарит Агзамов, Мұрат Сыздыков, Борис Федоров, Абдулахат Исмаилов сынды үлкен ғалымдардың озық шәкірті болды.

Ғалымның жобасы мұнай-газ ұңғымаларының (скважина) сапасын арттыруға бағытталған. Яғни, ұңғыманың аяқталу кезіндегі түпмаңы аймағының ластануын төмендетуді, ұңғыманы цементтеу кезінде газдың енуін болдырмауды және ұңғыманы перфорацялау кезінде цемент тасының берітілігін арттыруды көздейді. Бүгінгі күні бұл аса маңызды. Себебі, ұңғыма сапасының төмендігі газ өндіру барысында көп проблемаларға алып келеді. "Дифференциалды қасиеттері бар тампонажды ерітінділер әзірлеу" туралы идеяның қашан, қалай келгені жайлы Арман Арыстанғалиұлы былай әңгімелейді:

  – Бұл идея Башқұртстанда тәжірибеден өтіп жүргенімде келді. Ол кезде басқа ғылыми жобамен айналысып жүрген едім. Идея сап етіп келіп, ойымды кітапшама түртіп қойдым. Бұл елге тәжірибеден өту үшін екі рет бардым. Профессор Агзамов Фарит жетекшім болды. Ғылымға деген қызығушылығымыз соншалық зертханаға азанда кіріп, кешке бірақ шығатын едік. Әр елден келген ғалымдар ой алмасып, білгенімізбен бөлісіп, тәжірибе жинадық. Ондағы бес зертхана толықтай соңғы құрал-жабдықтармен қамтылған. Жұмыс істеудің өзі бір ғанибет болды. Осылайша әлгі идеям дәл осы жылы қайта жанданып, жүзеге асыруға бел шеше кірістік, - дейді ғалым.

Жоба 3 жылға жоспарланған. Тампонажды ерітінді әзірлеу зерттеу жұмысы аясында газ миграциясы, газдың жарылуы сынды проблемалар шешімін таппақ. Алғашқы жылы Дулати университетінде зертхана ашу жоспарланып отыр. Зерттеу жұмысын лабораториясыз елестету мүмкін емес, әрине. Ашылған зертхана зерттеу жұмысы аяқталған соң да жас ғалымдар үшін қажеттілікке жарамақ. Әрі ғылыми жаңалықтарды коммерциализациялау да жоспарда бар. «Бұндай зертхананың болуы мамандық бойынша магистратураның ашылуына да сеп болмақ. Менің басты мақсаттарымның бірі – мұнай-газ мамандығы бойынша магистратураның ашылуы» деген Мұнай-газ ісі кафедрасының меңгерушісі әр ғалым үшін зертханада зерттеу жұмыстарымен айналысудың қаншалықты маңызды екенін де айтты.

Аталмыш жоба құрамында бес ғалым бар. Оның екеуі Сәтпаев университетінің докторанттары болса, бірі Уфа қаласының магистранты, енді бірі Дулати университеті, оқу-әдістемелік бөлім бастығы Бауыржан Манапбаев. Зерттеу жұмыстары Уфа қаласында, Сәтпаев университетінде және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өтеді. Жобаны жүзеге асыруға,жұмысты сынап көруде BJ-URAL компаниясы өзара келісім негізінде қолдау көрсетеді.

Ғылыми жаңалықтың ашылуы маңызды, ал оның өндіріске енуі, қоғам қажетіне жарауы одан да маңызды. Игілікке жараған жаңалық қана баршамызға пайдасын бермек. Ғалымдарымыз бұл жаңа әдісті патенттеп, әрмен қарай Scopus базасындағы журналдарға ғылыми мақалалар мен монография жазуды көздеп отыр.

Үш тілде оқитын студенттерге білім беретін Арман Арыстанғалиұлы өз сабақ жүргізу әдісімен де бөлісті. «Дәріс өтер алдында студенттеріме лекцияны үш тілде жіберемін. Олар лекциямен танысып келеді. Ал дәріс барысында сол тақырыпты жан-жақты талдаймыз. Үш тілде терминдерді түсіндіремін. Ағылшын тілінде видеоматериалдар мен тақырып аясындағы фильмдерді беремін. Осылайша студенттерімді тақырыпқа терең бойлауға әрі қызықтыра түсуге тырысамын» - дейді ұстаз. Ғалым ағылшын тіліндегі кітаптар мен ғылыми мақалаларды көп оқитынын айтты. – Әлем ғалымдарының жұмыстары жинақталған сайт бар. Онда небір ғылыми мақалалар жинақталады. Сіз олармен танысу арқылы әлемдегі ғылыми жаңалықтардан хабардар боласыз, әрі ашылып қойылған жаңалықты қайта қайталамауға да көмегі тиеді,- деген Арман Арыстанғалиұлы үздіксіз білім ғана нәтижеге жеткізетінін айтады.

Ұстаздары нұсқаған жолды бағыт етіп, бүгін білім биігінің бір белесін бағындырған Арман Арыстанғалиұлы алдағы уақытта да ғылымда жаңа әдістерді ойлап тауып, ғылым дамуына, өндіріс сапасының артуына өзіндік үлесін қоспақ.

20170411 150513

Медиа-қызмет

Прочитано 1341 раз
Top