АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫ ДАРИҒА

Жыл соңында тағы бір сүйінші хабар!

«Экономика және құқық» факультетінің 2-курс студенті Дариға Исағали «Жас заңгерлер палатасы» қоғамдық бірлестігінің шәкіртақысын жеңіп алды.

Дариға алты ай құқықтық кеңес беру мектебінде білімін жетілдіріп, содан кейін ғана әлеуметтік осал топқа жататын адамдар үшін тегін кеңес бере бастады. Студент үшін көмек сұраған адамға дұрыс жол сілтеу, құқықтық кеңес беру әрине, қиын. Болашақ заңгерлер үшін тәжірибе болған бұл бастамада әр студентке жетекші заңгер көмек көрсеткен. Дариғаның көмекшісі өз ісінің тәжірибелі маманы – Сабира Момбекова болды. «Ұлан-ғайыр дала елі» деп аталатын бұл жобаның мақсаты – адамдарға заң тұрғысынан көмек беру, болашақ заңгерлерге мүмкіндік сыйлау, құқықтық сауаттылықты арттыру болды. 200-ден аса адамға кеңес берген Дариға өз әсерімен бөліскен болатын: – Бұл жоба арқылы мен өзіме өлшеусіз тәжірибе алдым. Кеңес бере отырып жауапкершілікті сезіндім. Көбіне тұтынушы құқығы, несие, жәрдемақы алу сияқты сұрақтар бойынша сауалдар болды. Әр сұрақ бойынша ізденіп, мәлімет жинақтап, бірнеше кодекстерді оқи отырып жауап бердім. Кеңес алушының меселелері бойынша қажетті мекемелерге хат жазып, жауап күтіп, оң нәтижеге жетіп отырдық. Түсінгенім, бұл салада құрғақ сөзбен ешнәрсені дәлелдеу мүмкін емес. Қағазбен, нақты дәлелмен ғана жеңіске жетесің,- дейді Дариға Исағали.

Болашақ заңгер бұл мамандықты кездейсоқ таңдамады. Дариғаның әкесі қорғаушы. Бар өмірін адам құқығын қорғауға арнаған заңгер. Міне әке жолын таңдаған Дариға қыз да осы салада жемісті еңбек етуді көздейді.

– Біздің елде көп адам өз құқығын білмейді. Заңды білмегеннен опық жейді. Мен адамдарға көмек көрсеткім келеді. Заңды білмеу бізді жауапкершіліктен босатпайды. Мен әділдікке сенемін және оны орнату үшін күресетін боламын, - деген қаршадай қыз өз мамандығымен мақтанатынын әрі оны таңдауда еш қателеспегенін айтты.

Заң саласы сан қырлы. Барлық саланы біліп, шегі, шеті жоқ заңдар мен нормаларды меңгеріп, ең бастысы өзіңе сеніп келген адамға қажетті көмек ұсынуың керек. Дариға таңдаған саласының оңай емесін, өзіне артылған жүктің ауырлығын біледі, сезеді. «Мен оқуды тәмамдаған соң қорғаушы боламын. Айыптаушы емес, қорғаушы болуды қалаймын. Біреудің кінәсін дәлелдеп айыптаудан, адамды қорғау жаныма жақын» деген үрімдей қыздың бойынан кіршіксіз тазалықты, нәзік те болса тайсалмас қайсарлық пен жігерлікті көрдік.

Иә, көбіміз зат сатып алғанда, несие рәсімдегенде келісімшартты, кепіл қағазды мұқият оқымайтынымыз рас. Бір құшақ қағазға ойланбай қол қоямыз да кейін қарыз болып я болмаса құқығымыз тапталған сәтте өз-өзімізді қорғауға дәрменсіз боламыз. Осылай ойланбай әрекет етіп, қомақты қаржы қарыз болғанын білмейтін адамдарға көмек қолын созған Дариға әрдайым мұқият болу керегін айтады. Мәселен, көп жас мемлекеттік шәкіртақы жеңіп алғанда төбесі көкке жеткендей қуанады. Ал оқу бітірген соң өз мамандығы бойынша үш жыл міндетті түрде жұмыс істеу керегін көбі білмейді. Міне, мұның барлығы құқықтық сауаттылықты қажет етеді.

Нарық заманында тегін ешнәрсе жоқ. Заңгерлерден кез-келген сұрақ бойынша кеңес алу кемі бес мың тұрады. Ал Дариға болса тәжірибе уақыты аяқталса да өзіне қоңырау шалушылардың бетін қайтармай, сұрақтарына жауап беріп, құқықтық кеңес беруде. Иә, нағыз ерікті жас, елінің жанашыры осындай болса керек.

Медиа-қызмет

Прочитано 1476 раз
Top