ЖЫЛДАМ ӘРІ САУАТТЫ ОҚЫҒАНДАР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ...

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және  ҚР-ның тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда  Дулати университетінде Кітапхана күніне орай профессор-оқытушылар арасында санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, жаңа қазақ әліпбиі бойынша «Жылдам әрі қатесіз оқы!» атты мәтінді минутына оқудан жарыс өтті.  Іс-шараның мақсаты - тіл мәдениетін көтеру және мемлекеттік тілді қолдану мәртебесін арттыру.

Іс-шараға әр факультет бойынша 15 оқытушы қатысты. Жарысқа қатысушылар өткен оқу жылында «Латын графикасы: сауаттылық негіздері» атты 36 сағаттық курсқа қатысып, сертификат алған оқытушылар еді. Жарыс екі кезеңнен тұрды. Жарысқа қатысушылар бірінші кезеңде мәтінді, ал екінші кезеңде Абай Құнанбайұлының поэзиясын минутқа оқыды. Жалпы байқаудың дұрыс, ашық және әділ өтуін қамтамасыз ету үшін сараптау комиссиясы құрылды. Төрайымы - Жамбыл облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Н.Молдабекова, комиссия мүшелері - Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Қ.Мырзалиева, Филология және журналистика кафедрасының аға оқытушысы Ғ.Абдыханова.

Байқауда латыннегізді қазақ тілі әліпбиі бойынша берілген мәтін мен поэзияны жылдам және сауатты оқыған оқытушылар жеңіске жетті. Бірінші орынды Ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникация факультетінің доцент м.а., т.ғ.к. Ж.Тасжүрекова жеңіп алса, екінші орынды Технологиялық факультеттің аға оқытушысы Е.Кәрім мен   Ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникация факультетінің аға оқытушысы Р.Тажиева бөліссе, үшінші орынды Педагогикалық жоғары мектептің аға оқытушысы А.Кебеева, Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің аға оқытушысы П.Оспанова мен Мұнай, газ және механика факультетінің аға оқытушысы Қ.Юсупова қанжығасына байлады. Жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды.

Мемлекеттік тілге қатысты байқауға мүмкіндігін мүлт жібермей қатысқан Дулати университетінің оқытушыларына алғысымызды айтамыз.

Алаш арысы С.Сейфуллин «Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды...» деген еді, расын да, тілге қатысты реформада қоғам болып атсалысу – елдігіміздің белгісі.

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі

Прочитано 1329 раз
Top