КРЕАТИВТІ КІТАПХАНА

15-қазан – Кітапханашылар күні. Осыған орай М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Кітапханалық ақпараттық орталықтың ұйымдастыруымен «Ашықтық. Креативтік. Жаңашылдық 2020» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды.

Жиынға факультет декандары, кітапхана мамандары мен белсенді студенттер қатысты.

Бірнеше бөлім бойынша ұйымдастырылған шара «CREATIVE ZONE» залының салтанатты ашылуымен басталды. Әрмен қарай облыстық «Рухани жаңғыру» офисінің жетекшісі Зарина Қуатова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» кітапхана қорына келіп түскен 30 аталым оқулықпен таныстырып, Кітапханалық ақпараттық орталықтың директоры Гүлжан Жеңісбекқызын Алғыс хатпен марапаттады.

Университет ректоры Махметғали Сарыбеков  құттықтау сөз алып, кітапхана қызметкерлерін Құрмет грамоталарымен және қаржылай сыйақымен марапаттады. Келесі құттықтау сөз кезегін алған мерекелік шараның арнайы қонағы «Казфосфат» ЖШС-ның бас директоры Ескендір Мұқашев өз жылы лебізін білдіріп, бұл бағытта да бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс білдірді.

Салтанатты іс-шара блогерлердің кітапхана қызметінің маңыздылығы төңірегінде пікір алмасуымен жалғасты. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының ойы  интернет, әлеуметтік желілердегі ақпарат кітап беретін білімді алмастыра алмайды деген пікірге тоғысты.

Іс-шара онлайн қызметте электронды кітапхананы тиімді пайдалану бойынша оқыту-тренингімен жалғасты. Кітапханада көптеген жаңа түскен әдебиеттерді QR код арқылы оқуға болады және сайт арқылы кітаптың электронды нұсқасымен де танысуға мүмкіндік бар.  

Айта кетейік, Кітапханалық-ақпараттық орталық студенттер үшін шағын әрі ыңғайлы  «CREATIVE ZONE», «COWORКING ZONE» аймақтарын  құрды. Аталған аймақтарда белсенді жастар өздерінің кез-келген жобаларын жүзеге асырып, емін-еркін пікір алмаса алады. «CREATIVE ZONE» олар үшін кәсіби және іскерлік қызметтегі жоғары бастамаларына трамплинге айналады деп болжануда.

Кітапханашылардың кәсіби мерекесі күні ұйымдастырылған іс-шара «Ғылыми мақалалар жазу бойынша жас ғалымдарға арналған лайфхак» атты авторлық вебинар-тренинге ұласты. Вебинар-тренинг ZOOM интернет платформасы арқылы өтті.

Дулати университетінің

медиа-қызметі

Прочитано 1991 раз
Top