ЖАЗУШЫ, ДРАММАТУРГ ЕЛЕН ӘЛІМЖАНМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін жазушы,   драматург, публицист, Қазақстан жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері  Елен Әлімжанмен онлайн форматта кездесу өтті. Кездесуге филология және журналистика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, Жамбыл облысы мен Тараз қаласының шығармашыл, әдебиетсүйер жастары қатысты.   Ұйымдастырылған шарада Е. Әлімжанның шығармашылығы турасында кеңінен әңгіме қозғалды.

 –  «Жазушы болу үшін бақытсыз балалық шағың болуы шарт. Көкірегіңе шер қатуы тиіс», – деп атақты ғалым Хемингуэй  айтқан екен дейді. Ал мен бақытты балалық шақты бастан өткердім. Әкем соғыстан аман оралған, анам, екі әжем болған, солардың ортасында еркелеп өстім. Алайда жаза алатынымды, жазатынымды ерте дәлелдедім. Он сегіз жасымда жазған «Ән сыры» деген әңгімем 19 жасымда жас жазушылардың «Таңғы шық» атты жинағында жарық көрді. Содан кейін ұзақ уақыт жазбай кеттім. Не жазарымды білмедім. Көңілім тоқ. Кеңестік идеологияның нағыз желкілдеп өскен баласы болдым. Кейін барып көкірегімде шер пайда болды. Қоғамды зерттеп, тарихты танып, көп еңбектерді оқыған соң, көкірегіме шер қатты. Сексенінші жылдардың екінші жартысынан бастап жазуға шындап кірісе бастадым» дейді жазушы.  «Жазған шығармаларымды сарапқа салған кезде, кейде өзің қиналып жазған шығармаларыңнан гөрі жеңіл, тез жазып тастаған шығармаларың халыққа көп тарайды. Яғни, халықтың жүрегінің қылын сол шығармаларым шерте білді. Мен осы қатарға өзімнің біраз әңгімелерімді жатқызамын. Мәселен, «Баймырза» деген әңгімем түрік тіліне, орыс тіліне аударылды, «Тарғыл сиыр» орыс тіліне, «Айт күні» деген әңгімем түрік тіліне аударылды. Ал енді «Бір қазаққа бір қатын» деген комедиям бар. Өзін шамамен он күннің айналысында тез жазып шықтым. Сол пьесам әлі күнге сахнадан түскен жоқ»  деп тоқталды. Содан әрі қазақ қаламгерлерінің жазушылық шеберлігі турасында ой қозғады. «Жазушы Бауыржан Момышұлы тәрбиенің тамыры халықтың бай дәстүрінде жатқанын бейнелей отырып, нағыз адамның қалай қалыптасатын жолдарын көрсететін көркем шығармаларды жазды. Соның нәтижесінде  «Ұшқан ұя» шығармасы кемеңгер Абай ұсынған адамның кемелдену жолын көркем суреттеуге негіз болды. Б.Момышұлы соғыс тақырыбына бірден қалам тербемей, алдымен «Ұшқан ұяны» жазған себебі: өзінің даңқын емес, халқын ойлады. Ұрпақ тәрбиесінің қалай болу керек екенін көрсеткісі келген Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» тұнып тұрған тәрбие емес пе?! Ата, әже, әке, ана, аға, жеңге, ағайын, ауыл, әпке, жезде, мұғалім тәрбиелері туралы айтқаны баланың ғана емес, үлкенге де әсер ететін көркем тілмен суреттелген,» – деді қаламгер.

Іс-шара соңында  жазушы профессор-оқытушылар мен студент жастар тарапынан  қойылған сұрақтарға жауап берді. Болашақ жас жазушылар мен ақындар көкейлерінде жүрген «өз талантын қалай ашуға болады және қалай жазу керек» деген сұрақтарға жауап алып, қанаттанғандай болды.

Айта кетейік, Елен Әлімжан еңбек жолын Қазақ теледидарында бастаған. Әр жылдары облыстық, республикалық басылымдарда қызмет атқарған. «Ән сыры» атты алғашқы әңгімесі Қазақстан жас жазушыларының «Таңғы шық» атты жинағында жарық көрген. Одан кейін «Оралу», «Көріпкел» атты повестер мен әңгімелер жинақтары шықты. Көптеген драмалық  шығармалардың авторы.

Ләззат Талғатқызы,

«Филология және журналистка» кафедрасының оқытушысы

Прочитано 1737 раз
Top