ӘЛ-ФАРАБИ – ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ, ФИЛОСОФ

Осы жылы біршама тарихи даталар аталып өтуде. Сондай айтулы күннің бірі әйгілі философ әл-Фарабидің 1150 жылдығы. Ғұлама ғалымның өмірімен танысып, еңбектерін насихаттау мақсатында «Химия және химиялық технология» кафедрасының 3-курс студенттері жуырда факультет деңгейінде үлкен іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

Ғұлама-ғалым ретінде әл-Фараби атсалыспаған, зерттеу жүргізбеген саласы жоқ  деуге болады. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл тұлға. Ол философия, логика, математика, тіл білімі, әдебиет теориясы, т.б. ғылым салалары бойынша қыруар көп еңбек жазған.    

Алайда оның көптеген шығармалары ел арасында қолжазба күйінде тарап, бірте-бірте жоғалып қала берген. Философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 164 трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады. Ол рухани бастауларды жан-дүние үндестігінен, әдеміліктен, қанағаттанудан, бақыттан іздестірді. 

Әл-Фараби – ғылым мен өнердің барлық саласында еңбек еткен ғұлама. 150-ден астам ғылыми еңбек жазған, сонымен қатар ол әр түрлі аспаптарда тамаша орындаушы, ақын болған. Ұлы ғұлама ұзақ уақыт шет елде жүрсе де өзінің туған жері Отырарды есінен шығармаған. Кей аңыздарда оны  жетпіс жеті тіл білген деп айтады.

Әл-Фарабидің ғылым саласында жазған еңбегінің қолжазбасы Өзбекстан Республикасы Шығыстану институтының қолжазба қорында сақталған. Оның «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар тізбегі» атты еңбектерінде табиғаттану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Географиялық құбылыстарды математикалық жолмен түсіндіріп, күн сағатын жасаған. Күн мен Айдың тұтылу ұзақтығын есептеп шығарған. Ерте кезден қазақ елі Жетіқарақшы, Темірқазық, Үркер атты жұлдыздар тобын «түн сағаты» ретінде пайдаланса, күндізгі уақытты «күн сағаты» арқылы айыратын болған. Дүниежүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған данышпан, философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші, ақын, ұлы тұлға  әл-Фарабидің еңбектерінің қысқаша мазмұндарымен жастарға таныстырып өту біздің басты міндетіміз.

Д.А. Кулбаева,

«Химия және химиялық технология»

кафедрасының аға оқытушысы

Прочитано 1945 раз
Top