ҒАЛЫММЕН КЕЛЕЛІ ӘҢГІМЕ ӨРБІДІ

 

Биыл қазақтың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай Филология және журналистика кафедрасының оқытушылары Zoom платформасы арқылы Абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлымен сұхбат ұйымдастырды.

Онлайн кездесудің модераторы ф.ғ.к., кафедра доценті Темірбай Мұқашев болды. Сұхбат «Абайдың «Толық адам» идеясының қазақ ұлттық дүниетанымындағы көрінісі» тақырыбында өрбіді.

Ғалым сөз басында жаңа шыққан кітабымен таныстырды. Кітаптың тарихи-теориялық туынды екенін айтып, ендігі кезекте мектептер мен жоғары оқу орындары үшін оқулық ретінде жазу керектігін баса айтты.

– Абайдың толық адам ілімі қазақты қалай жаңғыртып, жақсы адам қалыптастыру керек екенін ашып көрсетеді. Толық адам ақыл, әділет, қанағатың бірігуінен тұрады. Әділет жүрекпен байланысты. Ал қанағатты білмейтін, нәпсісін тия алмаған адам жақсылыққа жете алмайды. Адам азады, бұзылады. Соны жас ұрпаққа ұғындыруымыз керек,- деп өз ойын Абайдың философиялық көзқарасымен сабақтады. –  Абайды танып білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын, яғни, философиялық, этикалық, эстетикалық, саяси-әлеуметтік салаларын анықтауға келіп тіреледі. Осы салалардың бәрін де қазіргі философтар материалистік модель тұрғысынан қарастырып келеді. Философтарлың бәрі де Абайдың жетінші  қарасөзіндегі «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген  сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды.  Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» деген даналық сөзіне назар салмай келеді. Абай «дүниенің көрінген сыры» деп бізді қоршаған материалдық әлемді айтса, «дүниенің көрінбеген сыры» деп біздің құпия сырға толы рухани әлемімізді меңзеп отыр. Бұл іспеттес терең пікірді Ясауидің «Девони хикметінен де» ұшыратамыз.

Абай айтқан бұл даналық ойлардың дүниені танып білуде мән-мағынасы аса терең пәлсапалық ой танымдар «дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын» европалықтар ХҮІ ғасырда-ақ танып білген. Бірақ олар дүниенің көрінген сырын ашып тануға, заттық игілікті молайтуға, баюға шешуші мән беруі  себепті, материалистік, атеистік дүниетанымға біржолата бағыт алды. Испан ғалымы Рена Декарт болмыс пен  сананы бөліп қарауға ерекше мән бере қарағандықтан «Арнайы құрылғылармен өлшеуге болатын нәрселерді ғана зерттейік,  ғылым деп осыны ғана айтайық. Ал, сана деген көзге көрінбейді, прибормен өлшенбейді. Бар екенін білеміз. Бірақ көзге көрінбейтін нәрсені зерттеп қайтеміз», – деп, адамзаттың рухани әлемін танып білуден теріс айналды. Мұның нәтижесі бүгінгі европа халықтарының мінез-құлқы жағынан бұзылып, моральдық қасіретке алып келді әрі олар ғылымды имансыздық жолға түсірді,- деді Мекемтас Мырзахметұлы.

Ғалым өз сөзінде бүгінгі философтарға үлкен міндет жүктелетінін жеткізді. Абайдың философиялық көзқарасын жаңа бағытта зерттеудің маңыздылығын меңзеді.

         Философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Дина Көлбаева сұхбатқа араласып, ғалымның пікірін құптады. Философия мамандығының оқу бағдарламасына Абайтану курсын енгізу туралы ойымен бөлісті.

         Сұхбат соңында Абайтанушы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы XIII-XVIII ғасыр аралығында ұлы ғұламалардың әлі біраз еңбектері зерттеуді, жарыққа шығаруды қажет ететінін айтты. 310 томы басылып шықса, 90 томы дайын тұрғанын айтып, «Қазақ халқының тарихи санасы өте мықты. Оны сақтап қалу керек» деп өз ойын қорытындылады.

          Кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Күлзинат Қарымбаева ғалымға мазмұнды әңгімесі үшін барша тыңдарман атынан алғыс білдірді.

МЕДИА-ҚЫЗМЕТ

Прочитано 2421 раз
Top