
Super User
РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛДЫ
Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы – 2021» турнирінде екінші орын иеленген Ғалымжан Қырықбай, Дулати университетінің ректоры Талғат Ильясұлының қабылдауында болды.
Талғат Ильясұлы Дулати университетінің ғана емес, облыс мәртебесін көтеріп, ел мерейін асқақтатқан Ғалымжанды жеңісімен құттықтап, толағай табыстар тіледі!
Жиынға тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры м.а Альмара Еркінқызы, «Сұңқар» спорт клубының төрағасы Дастан Джылысбаев және жеке бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Бақтияр Ақбергенов қатысты.
Медиа-қызмет
ЕЛОРДА КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Қазақ Елі үшін атаулы мереке саналатын Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Астана-қазақстандықтардың мақтанышы, еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің көрінісі, біздің жас мемлекетіміздің тұрақтылығы мен экономикалық өсуінің символы. 23 жылды артқа тастаған Елорда бүгінде көз сүріндірер келісті келбетімен, жаңаша қарқын алған құрылысымен, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен Қазақстанды жаһандық әлемге паш ететін мекенге айналды.
Осынау «Дара қаланың» дара жолын жасауда өзінің елеулі үлесін қосқан Елбасымыз, бірінші Президентіміз Н.Назарбаевтың есімін ерекше атап өту керек. Тұңғыш Елбасы қала мәртебесін нығайтуда, онда жасампаздық тарихының, қарышты дамуының жылнамаларында өзіндік таңба қалдырған тарихи тұлға. Ел азаматтарының еселі еңбегімен тұрғызылған жас қала әрбір қазақстандық үшін қымбатты, бағалы!
ЖІГЕРЛІ ЖІГІТІМІЗДІ ЖЕҢІСІМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы – 2021» турнирінде Жамбылдық жас палуан жүлделі екінші орынға табан тіреп, күміс белбеу мен 5 500 000 теңге табысқа кенелді.
Турнир Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына және палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150-жылдығына арналды.
Биыл 10-шы рет ұйымдастырылған жарыстың ақтық кезеңінде Ғалымжан Қырықбай шығыстың палуаны Дәурен Нұралиновпен белдесті.
Негізгі уақытта студентіміз тең түсіп, белдесудің соңғы минуттарында шығыстың палуаны жеңіске жетті.
Ғалымжан Қырықбай жас та болса жігерлігі мен тынбай дайындалғанының нәтижесінде жүлделі 2-орын иеленді.
Жамбылдық палуанды әуежайдан салтанатты түрде қарсы алуға келген облыс атқа мінерлері мен тұрғындары қуанышты сәтті асыға күтті.
Дулати университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры м.а Альмара Еркінқызы бастаған ару қыздар батырды гүл шоқтарымен қошеметке бөледі.
Жиын барысында Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жүнісбеков Нұрбол Әбдімажитұлы сөз сөйлеп, Ғалымжанның шығар белесі, бағындырар биігі көп екенін жеткізді. Сонымен қатар, облысымыздың намысын жас та болса республикалық деңгейде асқақтатқан батырды құттықтады.
Ғалымжан Қырықбайдың осы дәрежеге жетуі үшін ұзақ жылдар тер төгіп, шаршамастан жаттығулар жүргізіп, дайындаған алғашқы бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Бақтияр Ақбергенов ержүрек шәкірті алдағы жарыстарда алтын белбеу алатынына нық сеніммен қарайтынын айтты.
Келесі сөз кезегін алған «Қазақстан Барысының» үш дүркін чемпионы, Еуразия барысының алтын белбеу иегері Бейбіт Ыстыбаев жүрек жарды тілегін білдіріп, облысымыздың бірқатар палуан жігіттерінің атынан жүйрік ат тарту етті
Салтанатты жиынды қорытынды сөзімен түйіндеген Жамбыл облысының Барысы – Ғалымжан Қырықбай көпшілікке алғысын білдірді.
Жамбыл облысының мақтанышы болған жас палуанымызды жемісті жеңісімен құттықтай отырып, алдағы уақыттарда биік белестерді бағындырарына кәміл сенеміз.
РЕКТОР УНИВЕРСИТЕТА СДЕЛАЛ ПРИВИВКУ ОТ КОРОНАВИРУСА
Глава вуза – Ректор Талгат Ешенкулов одним из первых получил вакцину Hayat-Vax. Вакцинация признана безопасным способом предотвращения болезни и спасения человеческих жизней. Вакцинация - единственный способ победить болезнь с которой борется весь мир. Для возвращения к полноценной жизни необходимо вакцинироваться. Каждый должен принять верное решение.
Давайте воспользуемся способом не заболеть!
УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ ВАКЦИНА САЛДЫРДЫ
Университет басшысы Талғат Ильясұлы алғашқылардың бірі болып Hayat-Vax вакцинасын алды. Вакцинация қазіргі уақытта аурудың алдын алу мен өмірді сақтап қалудың қауіпсіз әдісі болып саналады.
Әлем күресіп жатқан дертті жеңудің бірден-бір жолы — вакцина салдыру. Баз-баяғы өмірге оралу үшін карантиндік талаптарды сақтай отырып, өз жақындарымызға жанашырлық танытып вакцина салдыруымыз қажет.
Сондықтан әр адам өз өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дұрыс шешім қабылдауы керек.
Ауырып ем іздегенше — ауырмаудың жолын іздейік!
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСТІ
28-маусым журналистер күніне орай «Қазақстан журналистер одағы» Жамбыл облыстық филиалының бастамасымен «Тәуелсіздік –тұғырым» атты іс-шарасы болып өтті.
«Жамбыл» теларнасында 20 жыл маңдай терін төгіп, өңірдің ақпарат айдынының кеңеюіне еселі үлес қосқан – кино, театр сахнасында өзіндік із қалдырған оқу ордамыздағы «Мәдениет және өнер» кафедрасының ұстазы, доцент – Сейілхан Асқарбек Ақылшаұлы «Қазақстанның құрметті журналисті» атанды.
Аталған төс белгіні Қазақстан журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Дəулет Төленді табыстады.
«Ақпарат кеңістігіндегі азды - көпті еңбегімізді бағалаған азаматтарға алғысым шексіз. Сондай-ақ, басқа да ұсыныс білдіріп, ықпал еткен əріптес журналистер қауымына да ризалығымды білдіремін»,-деді Асқарбек Ақылшаұлы.
Студенттердің болашағына бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздың еңбегіне жеміс тілей отырып, «Қазақстанның құрметті журналисті» атануыңызбен құттықтаймыз!
Медиа-қызмет
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ҰЛТ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ НЕГІЗІ
Дулати университетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани Жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында атқарылып жатқан өңірлік жаңалықтар мен жұмыстардың нәтижесі туралы дөңгелек үстел өткізілді.
Кездесудің алғы сөзінде Дулати университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов Университетте «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру және келешегі жөнінде жаңалықтарын айтты.
Келесі сөз кезегін алған Ескерткіштерді қорғау дирекциясының директоры Қ.Дәурембеков «Ежелгі Таразды жаңғырту туралы» баяндамасын оқыды. Өткені мен бүгінді салыстырып, тарих беттеріндегі тың ақпараттармен бөлісті.
– Елімізде 2007 жылдан бастап «Рухани Жаңғыру» мақаласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Осы жоба негізінде Жамбыл облысы бойынша бүгінгі таңда 3448 ескерткіш бар. Біздің негізгі міндетіміз - өңірде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және қорғау. Сонымен қатар, оның ғылыми зерттелуі мен танымалдылығын арттыру мақсатында жұмыстар атқарамыз,-деді Қ.Дәурембеков.
Тасын түртсе тарихы сөйлейтін Тараз қаласы туралы жазба деректер мен тарихи оқиғаларға тоқтала отырып, тарих беттеріндегі көпшілік біле бермейтін ақпараттармен бөлісті. Тараз қаласы тек еліміздің ғана емес әлемдік деңгейде зерттелуі тиіс, сол себепті алдағы уақытта халықарлық деңгейде конференциялар өткізу туралы ұсыныс айтылды.
Жиын барысында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру туралы сөз сөйледі. Облыс көлемінде атқарылып жатқан этно-мәдени бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Қазіргі таңда әр ауданда әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар үшін азық-түліктер таратылып, баспана мәселесі шешілуде. Қайырымдылық жұмыстарға жастар да қамтылып отыр. Себебі, болашақтың іргетасын құраушы, ертеңімізді жалғаушы жастар болғандықтан, оларды халық жағдайын түсіне білуге үйретуіміз қажет,-деді.
Жиын соңында Дулати Университеті 1-курс магистранты Көркемжан Қанат өзінің авторлық «7 QYR» жобасын таныстырды. Жоба - мектеп оқушыларының «Ұлы даланың 7 қырын қалай оқытамыз?» деген сұрағына жауап табуға көмектеседі. Болашақта қазақ тілінде ғана емес, 3 тілде жүзеге асыру жоспарлануда екендігін айтты.
«Рухани Жаңғыру» дегеніміз - сананың сілкінісі, рухтың жаңғыруы болуы керек деген жиынға қатысушылардың бірлескен жұмысы алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Дулати Университетінің
медиа-қызметі
ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Тараз өңірлік университетінің Басқарма Төреғасы – Ректор Ешенқұлов Талғат Ільясұлының қатысуымен мәжіліс залында алғашқы Ғылыми Кеңес мәжілісі болып өтті. Аталған мәжіліске университет декандары мен оқытушылар қатысты.
Ғылыми кеңестің күн тәртібінде бітіруші түлектерге біліктілік беру, 2021-2022 оқу жылындағы академиялық күнтізбе мен штаттық кестені және профессор – оқытушылар құрамының оқу-әдістемелік материалдарын бекіту, жазғы сессия нәтижесі бойынша мәселелер қаралды. Ғылыми кеңесте университеттің академиялық саясаты бойынша департамент директоры Малибеков Алдаберген Қадырбекұлы мемлекеттік аттестаттау комиссиялары жұмысының қорытындысы туралы, тіркеу офисінің директоры Чернявская Наталья Петровна 2020 – 2021 оқу жылы жазғы сессия нәтижелері – студенттік ортада бәсекелестікті қамтамасыз ету бағытындағы ЖОО-да атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ал, Ғылыми кеңес шешімдерінің орындалуы туралы Комиссия төрайымы, Кітапханалық-ақпараттық орталық директоры Иржанова Гүлжан Жеңісбекқызы анықтама жасады.Ғалым хатшы Жұмабаева Айжамал Мықтыбекқызы Ғылыми кеңес жұмысының 2021 – 2022 оқу жылына арналған жоспары туралы ойын ортаға салды.
Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің имидждік саясатын жүзеге асыру туралы Ережесі мен Жол картасын бекіту туралы ақпарат және медиакоммуникация орталығының басшысы Амалбекова Гүлмира Ержанқызының, профессор-оқытушылар құрамының монографияларын бекіту туралы ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проректор м.а. Нұрзада Әбдібекқызы Бейсеннің ұсыныстары тыңдалды және Химия мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің ауыспалы құрамын бекіту туралы ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проректор м.а. Н.А.Бейсен анықтама жасады. Басқарма Төреғасы – Ректор Ешенқұлов Талғат Ільясұлы қызметкерлердің жүйелі жұмыс жасай отырып, нақты қадамдарға бару қажеттігін баса атап өтті және қаралған мәселелер бойынша жауапты қызметкерлерге тапсырмалар берді.
Медиа-қызмет
ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНДА ЕЛ НАМЫСЫН УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТІ ҚОРҒАЙДЫ
Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі ретінде Дулати Университетінің студенті Әбілхан Аманқұл Жапония астанасына барып, әлемдегі ең мықты боксшылармен рингте жұдырықтасады.
Дулати Университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Талғат Ешенқұлов боксшы-студент Әбілхан Аманқұлмен және оның жаттықтырушысы Дулати Университетінің құрметті профессоры, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековпен кездесті.
Кездесуге Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Альмара Наурызбекова, «Сұңқар» спорт клубының төрағасы Дастан Жылысбаев, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Дене шынықтыру теориясы мен әдістемесі» кафедрасының профессоры Иван Кобер қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – олимпиада алдында университетіміздің ғана емес еліміздің намысын қорғайтын Әбілхан Аманқұлға сәттілік пен ақ жол тілеу және ұжымның тілектес екенін білдіру. «Шығарып салу дәстүрі» негізінде ұйымдастырылған кездесуде университеттің қазіргі және бітірген түлектерінің спорт саласындағы жетістіктері айтылды.
Айта өтейік, 2020 жылы 24-шілде мен 9-тамыз аралығында өтеді деп жоспарланған XXXII Жазғы Олимпиада ойындары ағымдағы жылдың 23-шілде мен 8-тамыз аралығында Жапонияда өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы Олимпиада бұрын-соңды болмаған ең инновациалық Олимпиада болмақ. Спорт додасында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 206 ҰОК-тен 11090 спортшы қатысады деп жоспарланған.
Медиа-қызмет