"Қош келдің, әз Наурыз" атты мерекелік іс-шара өтті

20 наурыз күні Филология және гуманитарлық ғылымдар факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы КЯ 24/1, 24/3, 24/5 топ кураторлары Г. С. Мейірманова, Ж. Е. Айнакулова, А. А. Молдабаеваның ұйымдастыруымен Наурыз мерекесіне арналған "Қош келдің, әз Наурыз" атты мерекелік іс-шара өтті. Бұл күн – тек жаңа жылдың басталуы ғана емес, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп, бірлігімізді нығайтатын ерекше мереке.

Мерекелік кештің шымылдығы домбыраның күмбірлеген үнімен түріліп, жүрекке жылы тиер күйлер орындалды. Қасиетті қазақ даласының үніндей сыңғырлаған күй әуені көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Іс шара барысында студенттер әуелете ән шырқап, әсем билеп, көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар, хордың орындауындағы халық әндері кештің сәнін келтіріп, мерекелік көңіл күйді одан әрі жандандырды.

Іс-шарада қызықты ойындар ойнатылып, жиналған жұртшылық нағыз мерекелік көңіл күйге бөленді. Әрине, Наурыз мерекесі қазақтың дархан дастарханынсыз өтпейтіні белгілі. Кеш соңында қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылып, барша қауым наурыз көжеден дәм татты. Құрт, бауырсақ, ірімшік, жент сияқты ұлттық тағамдар да дастарханның сәнін келтірді.

Бұл керемет мереке тек студенттердің ғана емес, барша жиналған қауымның жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Наурыз – жақсылықтың, бірліктің, молшылықтың мерекесі. Осындай рухани байлыққа толы кештер әрдайым жалғасын таба берсін!

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 20 наурыз, 2025 жыл

салт1111

салт2222

салт3333

салт4444

салт5555

 

Top