ҚОЙБАҚОВ СЕЙІТХАН МЕЛДЕБЕКҰЛЫ

koibakovМ.Х. Дулати атындағы ТарМУ–дың ғылыми жұмыстары және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры,техника ғылымдарының докторы, профессор,экология және өміртіршілік қауіпсіздігі халықаралық ғылым академиясының академигі,Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы.
Жамбыл облысы, Жуалы ауданының қазіргі Шыңбұлақ ауылындағы көпбалалы қызметкер отбасында 1955 жылдың 27 желтоқсанында дүниеге келді.

Еңбек жолын 1973 жылы «Жамбылсельстрой-20» тресінің өндірісті техникалық жабдықтау басқармасында жұмысшы болып бастады. 1975 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына (ЖГМҚИ) түсіп, оны «Гидромелиорация» мамандығы бойынша 1980 жылы үздік дипломмен бітірді.

1980-1989 жылдар аралығында Павлодар қаласындағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының Солтүстік Қазақстандық кешенді бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, ал 1986 жылы аспирантураны бітіргеннен кейін аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

1987 жылы 05.23.07 «Гидротехникалық құрылыс» мамандығы бойынша Новосибирск қаласындағы В.В.Куйбышев атындағы инженерлік құрылыс институтында кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғады.

1990-2001 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының (қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті) «Жерге орналастыру» кафедрасында ассистенті, аға оқытушы, доцент одан соң кафедра меңгерушісі болып қызметтер атқарды.

2001-2002 жылдары докторлық диссертацияны бітіру мақсатында ТарМУ-да аға ғылыми қызметкерлік қызметте болды.

2002-2004 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.

2004 жылдың қаңтар айында 05.23.07 «Гидротехникалық құрылыс» мамандығы бойынша «Мелиоративтік және гидротехникалық нысандардағы үйінділермен күресудің технологиялық негіздері» тақырыбында техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертацияны ойдағыдай қорғады.

2004 жылдың қыркүйек айынан қазіргі уақытқа дейін аталған университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор қызметінде. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің бақылау комитетінің шешімі бойынша 1997 жылдан доцент, ал 2011 жылдан профессор атағы берілген. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Қазақстан Республикасының ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» деген төс белгімен марапатталған.

2014 ж. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» деген Құрмет аттаққа ие болды. «Ғылыми әдебиеттерге қосқан үлесі үшін» деген төс белгімен марапатталған. Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. «Құрметті құрылысшы» атағының иесі.

«2016 жылдың ЖОО Үздік оқытушысы» грантының иесі. 

Қазіргі таңда білімгерлердің дипломдық жұмыстарына, магистранттар мен доктаранттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етуде.

Ғылыми-зерттеу нәтижелері бойынша 200-ден астам ғылыми-әдістемелік жұмыстар жариялаған, оның ішінде 45 патент және алдын ала патенттері, 4 монография, өндіріске нұсқаулар бар.

Республикалық «Ғалымдар одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы;

Шу және Талас өзендерінің су шаруашылығы құрылымдарын мемлекет аралық пайдалану бойынша Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасының мемлекет аралық комиссиясының мүшесі, докторлық диссертациялық кеңесінің төрағасы, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Ғылыми Кеңесінің мүшесі, «Туған өлке» аймақтың тұрақты дамуына атсалысу» қоғамдық бірлестіктің төрағасы, Қазақстан геотехникалық қауымдастықтың мүшесі. «ТарМУ бітірушілерінің Ассоциациясы» қоғамдық қауымдастығының атқарушы директоры.

Top