Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атаулы студенттік стипендияларды тағайындауға арналған республикалық конкурстың қорытындыларын жариялады. Биылғы конкурс 2025 жылғы 5 маусым мен 15 қыркүйек аралығында өтіп, еліміздің өңірлерінен жалпы 259 студент қатысты.
Конкурстың мақсаты – белсенді және дарынды жастарды анықтау, қазақстандық студенттердің оқу, ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметтерін қолдау.
Атаулы стипендия иегерлері болып республиканың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде білім алатын 40 студент атанды. Олар 2025–2026 оқу жылы бойы мемлекеттік стипендияға қосымша ай сайын қаржылай қолдауға ие болады. Қордың стипендиялық бағдарламасының 40 жеңімпазының бірі – Дулати университетінің «Экономика және құқық» факультетінің «6В04211 – Қылмыстық құқық және процесс» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті – Шапко Даниил.
Даниил республикалық деңгейдегі байқауда үздік шығып, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясын иеленді. Университет ұжымы студентті жетістігімен құттықтап, алдағы оқу, ғылыми және шығармашылық жолында табыс тілейді.
