М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірлесіп, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20 жылдық жұмысына арналған «Мемлекеттік қызметтердің сапасы: эволюцияның 20 жылы және жаңа көкжиектер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің жиырма жылдық дамуын саралап, қазіргі ахуалды талдау және болашақ даму бағыттарын айқындау.
Жиынға мемлекеттік басқару және цифрландыру бағытындағы отандық зерттеушілер, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша сарапшылар, халықаралық мамандар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, білім беру саласының басшылары, жас ғалымдар мен магистранттар, докторанттар қатысты.
Конференция барысында мемлекеттік басқару, цифрландыру, сервистік мемлекет тұжырымдамасы, халықаралық тәжірибе мен мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жан-жақты талқыланды.
Алқалы жиынды М.Х. Дулати атындағы университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор Мұхтар Байжұманов ашып, мемлекеттік қызметтер жүйесінің қоғам үшін және ХҚКО жұмысының 20 жыл ішінде халыққа қызмет көрсету мәдениетін қалыптастырудағы маңызын атап өтті. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев корпорацияның қызмет көрсету жүйесін жетілдіру бағыттарымен бөлісті.
Конференция барысында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Надир Курумбаев мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуінің тиімді тұстарын түсіндіріп өтті. Жамбыл облысы әкімдігі аппаратының басшысы Лесбек Ілесбаев өңірлік мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырса, мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы әлеуетін нығайту бойынша маманы, э.ғ.д. Гүлімжан Сүлейменова халықаралық сервистік модельдер мен аймақтық тәжірибеге тоқталды.
Сонымен қатар конференцияда халықаралық және республикалық деңгейдегі спикерлер мазмұнды баяндамалар жасады:
- — Кореяның озық ғылыми-техникалық инстутының профессоры Саеом Жин;
- — Грузия Мемлекеттік қызмет кеңесі төрағасының орынбасары Наталья Абашмадзе;
- — Әзербайжанның Азаматтарға қызмет көрсету және әлеуметтік инновациялар агенттігінің мониторинг және бағалау департаментінің директоры Канан Османов;
- — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ХҚКО қызметін дамыту департаменті директоры Ерболат Нұртазин;
- — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов
- — М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің доценті Қайрат Шалдарбеков; — «Таным» корпоративтік оқу орталығының директоры Айман Яшкина.
Отандық және шетелдік мамандар тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру, инновациялық тәсілдерді енгізу, халықаралық стандарттарды үйлестіру және сервистік кадрлар даярлау мәселелері бойынша сөз сөйледі.
Конференция мемлекеттік қызмет көрсету саласының 20 жыл ішіндегі дамуын таразылап, цифрландыру дәуіріндегі жаңа міндеттер мен перспективаларды айқындады. Отандық және шетелдік мамандардың тәжірибе алмасуы сервистік мемлекетті дамытуға жаңа серпін берді. Іс-шараның нәтижелері мемлекеттік қызметтер сапасын жақсартуға, жаңа технологияларды енгізуге және халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, еркін форматта пікір алмасты.






















