Дулати университетінің 1-жатақханасында Тараз қаласы Полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің өкілдері студенттермен кездесу өткізді. Басқосу «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.
Кездесу мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту, құқықбұзушылықтың алдын алу және заңға қайшы әрекеттер үшін қарастырылған жауапкершілік туралы түсіндіру.
Кездесуге Тараз қаласы ПБ №1 полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мерген Қойкенов және бөлім бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Максат Мадимаров қатысып, студенттермен еркін форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында мамандар құқықбұзушылықтың әр түріне заңнамамен белгіленген нақты жауапкершілік бар екенін атап өтті. Әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін айыппұл, ескерту немесе арнайы құқықтан айыру сияқты шаралар қолданылатынын, ал қылмыстық әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға дейінгі қатаң жазалар қарастырылатыны түсіндірілді.
Кездесу соныңда студенттер полиция қызметкерлеріне өз сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Білімгерлер ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.



