ТАЛАНТЫҢДЫ ТАНЫ, БОЛАШАҒЫҢДЫ ТАҢДА!

2025-2026 оқу жылында Қазақстан жоғары оқу орындары арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын алғашқылардың бірі болып жүйелі түрде бастаған – М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Дулати керуені: Талантыңды таны, болашағыңды таңда!» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.

Семинарға бітіруші мектеп түлектері, ұстаздар, университеттің кәсіптік бағдарлау жұмысына жауапты мамандар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Семинар мақсаты – мектеп түлектерінің танымдық белсенділігін арттырып, мәдени көкжиегін кеңейту арқылы олардың қабілеті мен қызығушылығына сай мамандықты саналы түрде таңдауына бағыт-бағдар беру.

Басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев құттықтау сөз алып, жастарды заманауи білімге ұмтылуға шақырды. Ол өз сөзінде, әрбір түлектің дұрыс таңдау жасап, ел дамуына өз үлесін қосуы үшін үздіксіз ізденіс пен еңбекқорлықтың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, Дулати университетінде жас буынның сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын жеткізді. Сейтжан Әуесжанұлы жастардың университет қабырғасында тек білім саласында ғана емес, өмірлік тәжірибе тұрғысынан да өсіп-өркендейтінін сөз етті.

Жиын барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев сөз алып, мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер мен қолдаулар жайында айтты. Ол кәсіптік бағдар беру жұмысының жас буын үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтіп, осы сала мамандарының білімін үнемі жетілдіріп отыру қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, түлектерді өз қабілеттеріне сеніп, жүрек қалауымен мамандық таңдауға шақырды. Дулати университетінің білім мен тәрбие берудегі мүмкіндіктерін атап өтіп, жастарға болашақта өз мамандығының үздігі болуға тілек білдірді.

Тәжірибелі педагог-профориентолог Айдос Жұманазар сөз алып, түлектермен еркін форматта пікір алмасты. Жас буынға мамандық таңдауда өз қабілетін, қызығушылығын және еңбек нарығындағы сұранысты қатар ескерудің маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде, жастардың кәсіби бағытын анықтауда жауапкершілік пен өз-өзіне сенімнің рөлі маңызды екенін айтып, бірқатар ойларымен бөлісті. Айдос Жұманазар мамандық таңдауда асығыстық жасамауға, түрлі бағыттарды зерттеп көруге және өз жүрегінің үнін тыңдауға шақырды. Қатысушыларға психологиялық ойын өткізіп, белсенді оқушыларға университетіміздің брендтік бұйымдарын сыйға тартты. Ал, Қарлығаш Берекеқызы түлектерге өмірлік шешім қабылдауда адами құндылықтар мен тұлғалық ерекшеліктерді ескеру керектігін жеткізді. Ол табысты болудың басты кілті – сүйіспеншілікпен таңдалған іс екенін айтып, жастарды өз жолын сеніммен таңдауға шақырды.

Жиын соңында университет факультеттері мен «Зерделі» және «Достық» білім беру орталықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрме барысында түлектерге оқу орнындағы білім беру бағдарламалары мен мамандықтар жайлы кеңінен ақпарат берілді. Факультет пен білім беру орталықтарының өкілдері түлектердің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.

Бітіруші жас түлектер мен ата-аналар аталған семинар жастарға мүмкіндік беретін игі бастама екенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

оку1111

оку2222

оку3333

оку4444

оку5555

оку6666

 

Прочитано 271 раз
Top