Дулати университетінде шетелдік білімгерлерге арналған ақпараттық кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу мақсаты – шетел азаматтарына Қазақстан Республикасындағы көші-қон, визалық және ұялы байланыс жүйесіне қатысты жаңартылған талаптар мен ережелерді түсіндіру.
Кездесуді Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлнұр Исабекова ашып, кездесудің маңыздылығына тоқталды. Студенттерге университеттің ішкі тәртібі, оқу процесінің ерекшеліктері және шетелдік студенттерге көрсетілетін қолдау шаралары туралы сөз қозғады.
Кездесуде көші-қон заңнамасын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жамбыл облысы Полиция Департаменті Көші-қоны қызметі басқармасының бастығы м.а. полиция подполковнигі Арай Данабекқызы және инспектор, полиция капитаны Айсулу Мұратқызы Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасына енгізілген өзгерістер мен жаңартылған талаптар жөнінде кеңінен түсіндірді. Тараз қаласы Полиция басқармасы Көші-қоны қызметі бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Оразғали Серікұлы шетел азаматтарының Қазақстан аумағында тұру, жұмыс істеу және виза режиміне қатысты ақпараттармен бөлісті. Ал, Жамбыл облысы бойынша Active центр супервайзері Фархад Чериев шетелдік азаматтардың ұялы байланыс нөмірлерін тіркеу тәртібі мен 2025 жылғы өзгерістер туралы сөз қозғап, ескертулер жасады.
Кездесу соңында мамандар білімгерлердің көші-қон және байланыс саласындағы өзекті сауалдарына жауап беріп, еркін форматта пікір алмасты. Өз кезегінде, студенттер пайдалы ақпарат пен тиімді кездесу үшін алғыс білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.