Университет қабырғасында Кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және Кәсіподақтар Федерациясының 35 жылдығы аясында Кәсіподақтар күніне арналған мерекелік жиын өтті.
Мерекелік жиынның мақсаты – кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы беделін арттыру арқылы салалық ұйым мүшелерінің еңбегін бағалау.
Жиынға әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, университеттің ардагерлер кеңесінің мүшелері, бастауыш ұйымдардың жетекшілері және кәсіподақ белсенділері қатысты.
Жиынды университеттің Кәсіподақ төрағасы Берік Хұсайынов құттықтау сөзбен ашып, қатысушылардың елеулі еңбектеріне алғысын білдірді. Ол өз сөзінде, кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы маңызды рөліне тоқталып, ұйымның университет өміріндегі белсенділігі мен жетістіктерін атап өтті.
Сонымен қатар, Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор м.а. Аслан Тұрлыбек және Ардагерлер кеңесінің төрайымы Айгүл Қабиева құттықтау сөз алып, кәсіподақ мүшелерінің бірлігі мен өзара қолдау мәдениеті – еңбек ұжымының дамуы мен тұрақтылығының басты кепілі екенін тілге тиек етті.
Мерекелік жиын барысында бірқатар ұстаздар мен қызметкерлердің еңбектері бағаланып, түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін төс белгісімен, Әлеуметтік әріптестік төс белгімен, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қазметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, Жамбыл облысы оқу-ағарту,ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен және Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл марапаттар ұжым мүшелерінің табанды еңбегін, кәсіби шеберлігін және университеттің дамуына қосқан зор үлесінің көрінісі. Университет ұжымы әрқашан еңбек адамының еңбегін бағалап, кәсіподақ ұйымымен бірлесе әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Марапат иелеріне шығармашылық серпін, кәсіби табыс және қоғамдық қызметте жаңа жетістіктер тілейміз!