Университет қабырғасында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп өрт қауіпсіздігін сақтау және алдын алу жайлы студенттерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесу мақсаты – университетте қауіпсіз орта қалыптастыру, студенттердің төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын жетілдіру және өрттің алдын алу мәдениетін нығайту.
Кездесуге Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас мамандары Еркебұлан Шарипбаев және Бақытжан Утешов арнайы шақырылды. Мамандар студенттерге өрт қауіпсіздігінің ережелерін, төтенше жағдайда өзін ұстау тәртібін және алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану жолдары туралы толығырақ түсіндірді.
Кездесу барысында білімгерлерге өрт сөндіргіш құралдарының түрлері мен оларды дұрыс қолдану тәсілдері тәжірибе жүзінде көрсетілді. Практикалық бөлім студенттердің ерекше қызығушылығын тудырып, төтенше жағдай кезінде жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау дағдылары артты. Сонымен қатар, мамандар өрт қауіпсіздігін сақтаудағы басты фактор – әрбір адамның жеке жауапкершілігі мен сақтық мәдениеті екенін атап өтті.
Кездесу соңында студенттер қызықтырған сауалдарын қойып, мамандармен еркін форматта пікір алмасты. Білімгер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.