Университет қабырғасында 5 мамыр мен 20 маусым аралығында 240 сағатты қамтитын ақылы негізде шетелдік азаматтарға арналған жеделдетілген қазақ және орыс тіліндегі (А1 деңгейі) курстың ресми ашылуы өтті. Ұйымдастыру комитеті: Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының басшысы Альбина Абенқызы мен Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлнұр Болатбекқызы.
Курстың мақсаты – қатысушыларға қазақ және орыс тілдерін меңгерту арқылы олардың жоғары оқу орындарына түсуіне ықпал ету. Сонымен қатар, әлеуметтік ортаға еркін бейімделуіне жағдай жасау әрі студенттердің оқу, жазу, сөйлеу және тыңдап түсіну дағдыларын дамыту.
Курс барысында Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова сөз алып, курстың маңыздылығына тоқталды. Курста қазақ тілі және орыс тілін меңгеру арқылы қатысушылардың алдағы уақытта университетке оқуға түсуіне үлкен мүмкіндік екенін сөз етті. Сонымен қатар, курстың ашылуы университеттің интернационалдандыру стратегиясының негізгі бөлігі және оның халықаралық білім беру кеңістігінде беделін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының басшысы Альбина Максутова қатысушыларға келісімшарт беріп, өтініш толтырылды. Қатысушыларды сабақ жүргізетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мен «Орыс тілі мен әдебиеті» кафедрасының аға оқытушыларымен таныстырды. Сабақ кестесін ұсынып, күтілетін нәтижелер мен ережелер ескеріліп, топ кураторлары тағайындалды.
Бұл курс – шетелдік азаматтар үшін тіл үйренудің тиімді жолы ғана емес, сонымен қатар, Қазақстандағы қоғамдық өмірге оңай бейімделуге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама болып табылады.