Университет қабырғасында «Маркетинг және кәсіптік бағдарлау» басқармасының ұйымдастыруымен «Мұхаммед Хайдар Дулати еңбектерінің тәлім-тәрбиелік маңызы» атты эссе байқауының қорытындысы бойынша үздік деп танылған оқушыларға салтанатты түрде марапаттар табысталды.
Байқаудың мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық тарихты ұлықтап, ұлы ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулатидің рухани мұрасын насихаттау. Сонымен қатар, білімгерлердің тарихи сана-сезімін қалыптастырып қана қоймай, шығармашылық қабілетін шыңдау.
Қатысушылар тарихи деректер мен ғұламаның еңбектерін негізге ала отырып, оның тәлімдік мәнін шығармашылық тұрғыда ашып көрсетуге тырысты. Жиын барысында байқау қатысушылары мен жетекшілері марапатталып, жүлделі орын жеңімпаздарына білім гранттары тағайындалды.
Нәтижесінде, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның 11 сынып оқушысы Аянат Улухманова үздік деп танылып, 100% оқу жеңілдігіне ие болды. Байзақ ауданы, Байзақ ауылындағы №4 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Ақмарал Джуманазарова екінші орынды иеленіп, 75% оқу жеңілдігіне ие болды. Ал, үшінші орын Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Асанбай Асқаров атындағы жалпы орта білім беретін тірек мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Айым Хамитқызына бұйырып, 50% оқу жеңілдігіне ие болды.
Қатысушылар университет басшылығына алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. Білім ордасы алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыратындығына сенім білдірді.