Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына орай университетіміздің №2 студенттік жатақханасында Әлеуметтік жұмыс басқармасының ұйымдастыруымен «Бірлігі жарасқан жастар» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге Басқарма мүшесі - әлеуметтік мәдени даму жөніндегі проректор А.Тұрлыбек, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының басшысы П.Мамедова, «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің 2-курс студенті Серік Анар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиынның мақсаты — Қазақстан халқы ассамблеясының тәуелсіздік жылдарындағы рөлін, еліміздің көп ұлтты қоғамындағы бірлікті нығайтудағы жас буынның жауапкершілігін талқылау арқылы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті арттыру.
Жиын барысында жастар өзара пікір алмасып, көп этносты Қазақстанда бірлікті сақтау және әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді құрметтеудің маңыздылығы туралы сөз қозғады. Қатысушылар Қазақстан халқы ассамблеясының елімізде этносаралық келісімді қамтамасыз етуге, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған көптеген бастамаларын атап өтті. Осы орайда, ассамблеяның жұмысы қоғамның әртүрлі топтары арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты қалыптастыруда айрықша рөл атқаратыны жайлы сөз қозғалды.Жастарға арналған бірқатар бағдарламалар мен жобалардың іске асырылып жатқаны да талқыланды. Әсіресе, жастар арасында білім, мәдениет және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту, көп ұлтты және көп мәдениетті ортада өзара сыйластықты қалыптастыру мәселелері маңызды орын алды. Дөңгелек үстелдің қатысушылары еліміздің дамуына, тұрақтылығына және әлеуметтік-экономикалық прогресіне жастардың қосқан үлесі мен жауапкершілігі туралы пікір алмасты.
«Бірлігі жарасқан жастар» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша жастарды біріктіру, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және ұлттың бірлігін нығайту мақсатында жаңа бастамалар мен жобалар қолға алынатын болды. Бұл шара жастардың бойында патриотизмді нығайту, олардың өз ұлты мен басқа этностардың мәдениетін құрметтеуге үйрету үшін маңызды қадам болды.