Университет қабырғасында Кітапханалық-ақпараттық орталығының кітапханашысы Гүлжан Ноғайбаева және «Журналистика және филология» кафедрасының оқытушысы Айгүл Иматаеваның бастауымен «Алаш арыстары және қазақ баспасөзі» тақырыбында шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Шеберлік сағат барысында қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихы, оның ұлттық мүдде жолындағы қызметі және Алаш қайраткерлерінің еңбегі жан-жақты талқыланды. Спикерлер Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт зиялыларының баспасөз арқылы халықты ағарту жолындағы күресі туралы баяндап, олардың шығармашылық мұрасына кеңінен тоқталды. Ұлт зиялыларының публицистикалық еңбектері жинақталған шығармашылық жұмыстары көрермен назарына ұсынылды.
Студенттер өз шығармашылық жұмыстарын газет-журнал дайындау арқылы көрсетті. Бұл үрдіс Алаш арыстарының, кезінде «Жас қазақ» ұйымын құрып, өздері жарыққа шығарған «Қолжазба Садақ» журналы сынды студенттер мерзімді басылымының жалғасы іспетті болды.
Қатысушылар қазақ баспасөзінің тарихи маңызын терең түсініп, оның бүгінгі және болашақтағы дамуы жөнінде ой бөлісті. Гүлжан Ноғайбаева және Айгүл Иматаева ұлы тұлғаларымызды ұлықтайтын жарыққа шыққан кітаптармен таныстырды. Ұлттық руханиятқа қызығушылық танытқан жастарға осындай шаралардың маңызы зор екені айтылып, алдағы уақытта да мұндай кездесулер ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді. Студенттердің нәтижелі еңбектеріне алғыс білдіріп, жылы лебізін жеткізді.