Университетіміздің №2 студенттік жатақханасында Әлеуметтік жұмыс басқармасының ұйымдастыруымен «Үйлесімді тұлға стратегиясы» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Семинар-тренингке Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, Әлеуметтік жұмыс басқармасының Дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев, психолог маманы Шынар Буйембаева қатысты.
Семинардың басты мақсаты – жатақхана тұрғындарына үйлесімді тұлға болудың жолдарын көрсету арқылы ішкі тепе-теңдікті сақтап, өмірде мақсатты түрде өз орнын таба білу дағдыларын қалыптастыру.
Басқарма мүшесі- әлеуметтік мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлы сөз алып, жеке тұлғалық даму - жастардың бойында көшбасшылық қасиеттерді, алға қойған мақсаттарды жоспарлау және оған қол жеткізу аясында жүзеге асатынын жеткізді. Білікті мамандардың дәрісі тек жеке дарындарды анықтап және оларды тұрақты негізде дамытып қана қоймай, әртүрлі көшбасшылық дағдыларды қалыптастыруға, өзін түсіну мен қабылдауға және ішкі мүмкіндіктерін ашуға көмектесетін әдістерді де ұсынатынын жеткізді.
Семинар барысында өз-өзімен үйлесімділік, эмоциялық интеллект, стрессті басқару, қарым-қатынас дағдылары секілді өзекті тақырыптар қозғалды. Білімгерлер жеке тұлғаның ішкі жағдайын жетілдіру, өз эмоцияларын дұрыс басқару және стресстен арылу әдістері жайлы көптеген пайдалы ақпарат алып, психологиялық тұрғыдан өз-өзімен үйлесімді болудың маңызды екеніне көз жеткізді. Психология саласының маманы Шынар Буйембаева студенттерге түрлі интерактивті жаттығулар мен тренингтер ұсынды. Әсіресе, өз эмоцияларымен жұмыс істеу мен басқа адамдардың сезімдерін дұрыс түсіну дағдыларына ерекше назар аударылды.
Семинар соңында мамандар студенттермен еркін форматта пікір алмасып, үйлесімді тұлға стратегиясын жан-жақты талқылады. Білімгерлер ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.