Университет қабырғасында «Білім берудегі тарих және география» кафедрасы мен Кітапханалық-ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Алаш арыстарының асыл мұрасы – ұрпақ қазынасы» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынға «Алаштың ақ жолы» жалпы ұлттық байқауының ұйымдастырушысы Сейсекүл Әбдісаттарова, «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жалпыұлттық жобасының жүлдегері, «Алаштану» авторлық бағдарламасының авторы Тараз қаласындағы Төле би атындағы гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Қанат Бердалиев, «Білім берудегі тарих және география» кафедрасының доценті Бақытжан Жүрсінбаев, аға оқытушылар Ерлан Байболов, Зәуірбек Исаев, Кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Иржанова, оқу ордамыздың профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Кездесу мақсаты – білімгерлерге Алаш идеясы мен қайраткерлерінің еңбектері туралы құнды деректерімен бөлісу.
Дөңгелек үстелдің модераторы ретінде университеттің Кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Иржанова жүргізді. Ол өз сөзінде, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қолдауымен жарық көрген «Алашорда ici. 1920-1940 жылдардағы құжаттар мен материалдар» атты 12 томнан тұратын тарихи-құжаттық жиынтығының мазмұны жайлы жете түсіндірді. Архивтік материалдар негізінде жарық көрген көптомдық еңбек жас буынға ғылыми зерттеулер жүргізу барысында қолданылатын таптырмас көмекші құрал екенін тілге тиек етті. Білімгерлерді жыл сайын ұйымдастырылатын «Алаштың ақ жолы» атты жалпыұлттық байқауға қатысып, бақтарын сынауға шақырды.
Жиын барысында студенттер мен магистранттар жинақты талқылап, еліміздің тарихын тереңірек зерделеуге, ұлттың мәдени мұрасын сақтауға бағытталған құнды мәліметтермен танысып шықты. Сонымен қатар, қазақ тарихының маңызды кезеңдері мен тұлғаларына қатысты жаңа көзқарастар қалыптасып,өзара пікір алмасты.
Кездесу соңында мамандар толыққанды мағлұматтармен бөлісіп, студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Білімгерлер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.