Университет қабырғасында Әлеуметтік жұмыс басқармасының ұйымдастыруымен «Интернет алаяқтықтың түрлері мен жасалу тәсілдері. Алдын алу іс шаралары» тақырыбында студенттермен кездесу өтті.
Кездесуге Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, Жамбыл облысы полиция департаменті кибер қылмысқа қарсы іс қимыл басқармасының жедел уәкілі Даулет Абай, Әлеуметтік жұмыс басқармасының мамандары және студенттер қатысты.
Кездесу мақсаты – жастарды шыншылдыққа тәрбиелеу арқылы киберқауіпсіздік деңгейін арттыру, интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Жиынның модераторы ретінде университеттің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек жүргізді. Ол өз сөзінде, интернет-алаяқтықтың жастар арасында жиі кездесетінін тілге тиек етті. Білікті мамандардың дәрісі тек ақпараттық қауіпсіздік дағдыларын жетілдіру негіздерін ашып қана қоймай, қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына қатысты нақты әдістерді де ұсынатынын жеткізді.
Кездесу барысында Жамбыл облысы полиция департаменті кибер қылмысқа қарсы іс қимыл басқармасының жедел уәкілі Даулет Абай сөз алып, интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына тоқталды. Дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.
Кездесу соңында мамандар студенттермен еркін форматта пікір алмасып, алаяқтардан сақтану шаралары талқыланды.