Университет қабырғасында Әлеуметтік жұмыс басқармасының бастауымен «Жоғары оқу орындарында парасаттылық пен адалдық құндылықтарын қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесін талдауға бағытталған басқосуда Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов және оқу ордамыздың профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Кездесу мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениет қалыптастыру арқылы академиялық адалдықты сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Дөңгелек үстелдің модераторы ретінде университеттің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек жүргізді. Ол өз сөзінде, кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес– өзекті мәселелердің бірі екенін тілге тиек етті. Оқу ордамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық шаралардың тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын және олардың маңызы жайлы сөз қозғады. Пәрменді күресу үшін, жастардың құқықтық сауаттылық деңгейі мен сапасын арттыру – басты мақсат екенін жеткізді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров сөз алып, құқық қорғау қызметінде жұмыс істегісі келетін және елдің экономикалық қауіпсіздігіне үлес қосуға ниетті, креативті жастарға мүдделі екенін жеткізді. Жас буынға департаменттің атқаратын жұмыстарының ерекшеліктері жайлы, құқық қорғау органдары академиясына түсу ережелері туралы толықтай түсіндіріп өтті.
Жиын барысында мамандар сыбайлас жемқорлықтың түсінігі мен түрлері, шығу тарихы, құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептері жайлы сөз қозғады. Құқықтық сауаттылық саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісіп, ашықтық, адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл мәселелеріне тоқталды. Қазіргі таңда, әлемнің барлық елдерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мен оны болдырмау жолдарын қарастыру мәселесі өзекті екендігін айтып, жемқорлықпен күресудің заманауи тәсілдері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тәжірибесінің нақты мысалдары келтіріліп, елімізде атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Кездесу соңында мамандар толыққанды мағлұматтармен бөлісіп, студенттермен еркін форматта пікір алмасты. Білімгерлерге арнайы видеоролик көрсетіліп, жастарға құқықтық аспектілер мен жауапкершілік туралы білуге, сондай-ақ осы құбылысқа қарсы күрестегі өз рөлін түсінуге мүмкіндік берілді. .Аслан Еділханұлы мамандарға жылы лебізін жеткізіп, Алғыс хат табыстады.