Мемлекет басшысы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Бұл құжат ғылымды дамытуға және елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыруға, сондай-ақ ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіби және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.

✔Біріншіден, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысы мақсатында идеядан сериялық өндіріске дейінгі ғылыми зерттеулерді іске асыруға ұсынылатын негізділік пен технологиялық дайындықты (TRL) бағалаудың жаңа тетігі енгізілді. TRL ғылыми-өндірістік цикл мен коммерцияландырудың барлық кезеңдерін қолдаумен қамтуға мүмкіндік береді.

Осылайша, Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясаты әлемдік технологиялық көшбасшыларға қатысты инновациялық алшақтықты қысқартуға бағытталатын болады.

✔Екіншіден, Ғылым қорының технологияларды коммерцияландыру жөніндегі ұлттық агенттік ретіндегі мәртебесі кеңейтілді. Ол ғылым және технологиялар саласындағы бағдарламалар бойынша бірыңғай терезе болып, инновациялық инфрақұрылымдарды қолдауды жүзеге асырады, сонымен қатар венчурлік қаржыландыруды тартатын болады.

✔Үшіншіден, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құра отырып, ғылыми жетістіктерді, инновациялар мен жаңа технологиялар нарығын мониторингтеу мақсатында ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау бойынша жаңа механизм енгізілді.

Ғылыми-техникалық ақпараттың мониторингі ғылыми процесті ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл, әрине, ғылым мен инновациялардың даму тұрақтылығына ықпал етеді, сондай-ақ елдегі ғылымды басқарудың тиімділігін арттырып, ғылыми саланы цифрлық экономиканың толыққанды сегментіне айналдырады.

✔Төртіншіден, ғалымдарды ынталандыру мақсатында жас ғалымдар үшін жеңілдікті тұрғын үй сатып алу құқығы енгізіледі. Сондай-ақ заң шеңберінде Салық кодексінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша салықтық жеңілдіктер мен салық шегерімдерін беру бойынша мемлекеттік ынталандыру шаралары ұсынылады. 50% мөлшерінде салық шегерімдері көзделген.

✔Бесіншіден, Заң ғылымды басқару құрылымын жетілдіреді. Заң жобасымен жергілікті атқарушы органдарға ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, гранттық қаржыландыру нысанында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша құзыреттер беру ұсынылады.

Сондай-ақ қамқоршылық кеңестің, академиктердің жалпы жиналысының, Төралқа мен Басқарманың құзыреттерін, қаржыландыру көздері мен өкілеттіктерін көрсете отырып, жоғары ғылыми ұйым нысанындағы Ұлттық ғылым академиясыныңжаңа мәртебесі айқындалды.

Бұдан басқа, Президент «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға қол қойды,ғылыми ұйымдардың сатып алу тәртібі жеңілдетілді. Мәселен, ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының сатып алу рәсімдері енді Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін қағидаларға сәйкесмемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша жүзеге асырылады.

 

Прочитано 415 раз
Top