«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Бірлік пен жасампаздық аясындағы Жамбыл өңірі» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Модератор «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, т.ғ.к., профессор Сейдахан Бақторазов конференцияның маңыздылығына тоқталып, озық ойлы ұлт болуды меңзейтін бірқатар идеологиялық ойларымен бөлісті.
Конференцияға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, облыстың ардагерлер кеңесі, студенттер, мектеп мұғалімдері және оқушылар қатысты.
Конференция барысында «Ежелгі және орта ғасырлардағы Тараз», «ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басындағы Әулиеата өңірі», «Кеңестік дәуірдегі Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы», «Облыстың тәуелсіздік кезеңіндегі тарихы» тақырыптары талқыланып, осы мәселелер бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» ғылыми қызметкері Сәния Нағашбекова «Тараз және Жамбыл облысындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің зерттелу тарихы», Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің доценті, т.ғ.к. Ердәулет Берлібаев Тұрбекұлы “Тараз-Ұлы даланың ұлы қаласы”, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры т.ғ.д. Асқар Абдуалы «Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі Тараз өңірі, Алаш қозғалысы және Әулиеата зиялылары», ардагерлер кеңесінің мүшесі Амангелді Кәрентаев «Кеңестік дәуірдегі Жамбыл облысы», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, п.ғ.к. Дархан Байдалиев «ХХ ғасырдағы Әулиеата өңіріндегі зайырлы білім беру жүйесінің тарихы мен тағлымы», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Тарих кафедрасының аға оқытушысы философия докторы PhD Дәулет Омаров «Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрамындағы Жамбыл және Қызылорда облыстарының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, «Тарих» кафедрасының PhD, аға-оқытушысы Әсел Ташқараева «Тәуелсіздік жылдарындағы Жамбыл өңірі» атты тақырыптарында ғылыми баяндамалар жасалды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев “Дулатитану және Өңір тарихы” ғылыми зерттеу орталығына алғысын білдіріп, профессор Сейдахан Бақторазовқа облыстың «Құрмет грамотасын» табыстады. Өз кезегінде Сейдахан Уәлиұлы «Әулиеата өңіріндегі кәмпескелеу және ұжымдастыру науқандары кезіндегі дүрбелең» атты монографиясын қонақтарға сыйға тартты.
Конференция соңында қатысушылар ұсыныс-пікірлерін айтып, еліміздің даму жолындағы қарқынды жұмыстардың жалғасын табатындығымен қорытындыланды. «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, т.ғ.к., профессор Сейдахан Бақторазов баяндама жасаған барлық қатысушыларға Алғыс хат табыстады.