Ұлағатты ұстаз өмірден озды

Ғалым, техника және білім қайраткері, профессор, академик Аманқайт Асанов 81 жасына қараған шағында өмірден озды.

Ұлағатты ұстаз 1943 жылы Өзбекстан республикасы, Қарақалпақ автономиялық Совет Социалистік Республикасының Мойнақ ауданының Ірге (Үрге-Урга) ауылында дүниеге келген.

1963 жылы В.И. Ленин атындағы Ташкент Мемлекеттік Университетінің химия факультетіне оқуға түсіп, 1968 жылы бітіргеннен кейін мемлекеттік комиссияның шешімімен сол университеттің «Коллоидтық химия» кафедрасына жұмысқа қалдырылған. Ал 1969-1970 жылдары Кеңес Одағы Қарулы Күштері қатарында қызмет атқарған. 1970 жылдың 1-ші қарашасында Ташкент Мемлекеттік Университетінің аспирантурасына химия мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1973 жылы тәмәмдап, ғылыми жұмысын диссертациялық кеңеске тапсырып, 1975 жылы КСРО Жоғары және орта арнайы білім министрлігінің Жоғары аттестаттау комиссиясы шешімімен химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.

2020 жылы химия саласындағы терең кәсіби білімі мен ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметтегі елеулі жетістіктері бар ірі маман ретінде А. Асановқа, Аймақтық Менеджмент Академиясы Төралқасының шешімімен Аймақтық Менеджмент Академиясының профессоры академиялық атағы, сондай-ақ Ресей Жаратылыстану академиясы Төралқасының шешімімен Ресей Жаратылыстану академиясының профессоры ғылыми атағы берілген.

2000 жылдың 1-ші қыркүйегінен Қазақстан Республикасының М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінің (ТарМУ), Химия кафедрасының доценті, 2004 жылдың 1-ші қыркүйегінен кафедра профессоры, ал 2005 жылы «Химия» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалған. 2006 жылдың 1-ші қыркүйек айынан «Физика және химия» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.

Ұстаздық қызметін «Суда еритін полимерлерді синтездеу және зерттеудің коллоидтық-химиялық негіздері» бағытындағы ғылыми ізденістермен ұштастыру нәтижесінде, 570 ғылыми еңбегі әр түрлі ғылыми басылымдарда және алыс-жақын шетелдерде өткізілген халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар, конгресстер, симпозиумдердің материалдарында жарияланған. Сонымен қатар, 2 монографиялық жинағы, 3 оқу құралы, сондай-ақ, Профессор, академик, ғылым, техника және білім беру ісінің еңбек сіңірген қайраткері Аманқайт Асановтың ғылыми өнертабысының жүз он патенті атты кітабы басылымнан шығарылған. Ғылыми зерттеу ізденістерінің жаңа, айрықша, өзекті теориялық, тәжірибелік маңызды тұжырымдарына 110-нан астам КСРО-ның авторлық куәлігін, Қазақстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының патенттері, алдын-ала, инновациялық, пайдалы модельдеріне патенттер алған. Солардан жасыл химиялық әдіс-тәсілдермен 60-қа тарта химиялық құрамымен ерекшеленуші жаңа жоғары тиімді суда еритін полимерлер - полиэлектролиттер синтезделіп, пайдалану бағыты нақтыланған, 10-нан астам ғылыми еңбектері мен патенттер нәтижелері қолданысқа енгізілген.

Зерттеу   нәтижелері   импакт-факторлы,   халықаралық   рейтингі жоғары «International Journal of water chemistry аnd technology», «International Journal of  World   Appled   Sciences»,   «Мир   науки,   культуры, образования», «Прикладная химия», «Доклады АН Узбекистана», Өзбек химия, ҚазҰУ, ЕҰУ, ҚарМУ, КБТУ хабаршысы, Қазақстан ғылымының жаңалықтары, Ізденіс сияқты ғылыми журналдарында жарияланған.

Профессор А. Асанов білімгерлердің 250-ден астам дипломдық жұмысына, 40-тан астам магистрлік диссертациясына жетекшілік етіп, солардан 15 білімгер ғылыми зерттеуші, 12 магистрі әртүрлі номинациялар бойынша І дәрежелі дипломдар, грамоталар алған және 3 ғылым кандидатын, 2 РhD докторын даярлаған.

Ақылбек Аманқайтұлы Асанов Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының марапаттау комиссиясының шешімімен «Халық ағарту ісінің үздігі» (30.11.2021 ж. №976) және Еуропалық ғылыми өнеркәсіптік консорциумының шешімімен «Еуропалық сапа» алтын медалімен марапатталды (№1074/2021).

2023 жылы 23-24 наурызда Мәскеудің Халықаралық білім Салонының (ММСО 2023) 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ірі кешенді көрмеге «Профессор, академик Аманқайт Асановтың ғылыми өнертабысының жүз жеті патенті» атты кітабы ұсынылған, нәтижесінде аталған кітап үздік деп танылып Мәскеу Халықаралық білім Салоны 2023 көрмесінің қатысушысына арналған дипломмен, алтын медальмен, сонымен бірге «Қазақстан Республикасы ғылыми қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесіне орай «Өнертапқыштық қызметі үшін» номинациясымен Дулати униерситеті ректорының құрмет грамотасымен марапатталған.

Ардагер ұстаз, профессор, академик Асанов Аманқайт – белгілі ғалым, ғылым, техника және білімнің еңбек сіңірген қайраткері, танымал профессор және көрнекті ғылыми өнертапқыш.

Прочитано 515 раз
Top