Еңбек қатынастарын реттеу - еңбек шартын жасаудан басталады

Жұмысқа қабылданған алғашқы күніңіз есіңізде ме? Сол кездегі өзіңіз қол қойған еңбек шартын толық оқыдыңыз ба? Нақты жауап бере алмауыңыз мүмкін, себебі көп қызметкер еңбекшартына автоматты түрде қол қойып, мазмұнына мән бермейді. Бүгінгі сұхбаттан сіз сол олқылықтың орнын толтырып, еңбекшарты жөнінде толық ақпарат ала аласыз. Көкейіңізде жүрген сауалдарға Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы - мемлекеттік еңбек инспекторы Бақытжан Кураметов жауап береді. 

–  Бақытжан Сейітбекұлы,  жұмыс беруші мен жұмысқа тұрушы арасында болатын еңбек шартының маңызы қандай? Жұмысқа кіретін адам қандай құқықтарын білу керек? 

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадығы Еңбек кодексінің 33 бабының 3 тармағына сәйкес  жұмысқа қабылдау еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған немесе тиісті түрде рәсімделмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауап береді. Бұл жағдайда еңбек қатынастары жұмыскер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.

Мемлекетіміздің Ата Заңының 24-бабында «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.

Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін сыйақы алуына, соңдай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар. Әр адамның тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша, жұмыс істейтіндерге заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік берілетіні айқын бекітілген. 

Жұмыскерлердің еңбек құқығын заң жүзінде реттеп отыру қажет. Мұнсыз олардың көкейкесті мүдделерін қорғау мүмкін емес. Еңбек шарты — қызметкер мен жұмыс берушінің арасында жазбаша нысанда жасалатын екі жақты келісім. Бұл келісім бойынша қызметкер жұмыс берушінің актісін орындай отырып, белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысты орындауға міндеттеледі. Ал жұмыс беруші қызметкерге жалақысын және заң мен тараптардың келісімінде көзделген өзге де ақшалай төлемдерді уақытында төлеуге, еңбек туралы заңдар мен ұжымдық шартта көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.

Жұмыскер бір кәсіпорынмен еңбек шартын жасасқан күннен бастап ол сол кәсіпорынның еңбек ұжымына мүше болады, әрі оның ішкі еңбек тәртібі ережелеріне бағынады.

– Еңбек шартының нақты мерзімі бола ма?

– Еңбек шарты қолданылу мерзіміне қарай: белгісіз мерзімге; белгілі бір мерзімге; белгілі бір жұмысты орындау уақытына немесе жұмыста уақытша болмаған  қызметкерді  ауыстыру уақытына жасалуы мүмкін. Шарттың нақты мерзімі қызметкер мен жұмыс берушінің келісімі бойынша белгіленеді.

Белгілі мерзімге жасалған шарт мерзімі біткен кезде қандай да болмасын себептерді көрсетпестен еңбек қатынастарын тоқтату мүмкіндігімен ерекшеленеді.

Белгілі бір жұмыстың орындалу мерзіміне орай жасалған шарттар мерзімдік шарттардың бір түріне жатады. Тек бұл жағдайда шарт жасасу кезінде оның мерзімі нақты күнтізбелік кезеңмен шектелмей, жұмыстың аяқталуына байланысты қойылады.

Шарт белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына немесе уақытша жұмыста жоқ қызметкерді алмастыру уақытына, жұмыстың аяқталу мерзімі шамамен ғана белгіленуі мүмкін болғанда жасалады (мысалы, қызметкердің ауруы, нақты объекті құрылысының аяқталуы, т.б.).

Белгісіз мерзімге жасалған еңбек шарты қызметкердің ешқандай мерзіммен шектелмей, тұрақты жұмысқа қабылданғанын білдіреді. Егер еңбек шартында оның қолданылу мерзімі айтылмаса, шарт белгісіз мерзімге жасалған деп есептеледі. Шарт күшінің мерзімі біткенде тараптардың келісімі бойынша ұзартылуы немесе жаңа мерзімге жасалуы мүмкін.

Еңбек шартына немесе еңбек қатынастарына байланысты сұрақтарға біздің мамандар әрдайым жауап беруге әзір.

Бақытжан Сейітбекұлы, еңбек шартына байланысты берген сұхбаттан оқырман өз сұрағына жауап табады деп ойлаймыз. Әңгімеңіз үшін рахмет. 

Сұхбаттасқан  Назерке Маратқызы

Прочитано 1031 раз
Top