Еліміздің болашағы баянды болсын десек...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1-қыркүйек күні «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Өз Жолдауын мемлекет басшысы бүгінде алдыңғы бастамаларының басым көпшілігінің жүзеге асып жатқандығы жайлы айта келіп, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті» деп арнайы айтып өтті. Сонымен қатар Президент алдағы уақытта «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын одан әрі қарай іске асыру қажеттігіне тоқталып кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек» екендігін айта келіп, «осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалармен ұштастыру қажет» екендігіне тоқталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде қазір әлемде геосаяси ахуалдың ушығып тұрғандығын атап өте келе, «... Жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды» деп тұжырым жасады.

Мемлекет басшысы әлемдегі осындай аса маңызды шақта еліміздің зор экономикалық серпіліс жасауға толық мүмкіндігі бар екендігін айрықша атап өтті. Ол үшін еліміз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуі керек. Президенттің сөзімен айтар болсақ, «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс.» Жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналатын қағидаттар – әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтып кеткендей, «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.»

Президент одан әрі қарай экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, арнайы атап өтті. Ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, сонымен қатар еліміздің экономикасын өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу. Мемлекет басшысы сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажеттігіне айрықша тоқталып кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында еліміздің тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаларды жүзеге асыру керек екендігіне тоқталып өтті. «Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн.» Қорыта айтқанда, еліміз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы экономиканың жаңаша даму үлгісіне көшуі тиіс. Президент айтқандай, «мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек.»

Президент өз Жолдауында сонымен қатар отандық өнім өндірушілерді қорғау және сирек кездесетін металл кеніштерін игеру қажеттігіне, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру, су ресурстары, көлік-логистика саласы мен энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне және экономиканың басқа да бірқатар өзекті әрі маңызды бағыттарына тоқталып, күн тәртібінде тұрған міндеттерге талдау жасап өтті.

Мемлекет басшысы еліміздің алдында тұрған экономикалық реформаның мақсаты мен міндеттеріне тоқтала келіп, өз Жолдауын мынадай сөздермен қорытындылады: «Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз. ... Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз. ... Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз.» Еліміз Президентінің осындай ізгі мақсаты мен асқақ арманы орындала берсін деп тілек айта отырып, біз де Жолдауда айтылған міндеттердің орындалуына өзіміздің қолдан келер үлесімізді қоссақ екен деген ниетімізді білдіреміз!

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,

философия және саясаттану кафедрасының

аға оқытушысы Баярисов Режеп Оразбайұлы.

Прочитано 696 раз
Top