Дулатилықтар мемлекет басшысының қазақстан халқына Жолдауын тыңдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын жариялады.

Мемлекеттің әлеуеті мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басым бағыттарын айқындаған Жолдауды Дулати университетінің ректоры М.Байжұманов және профессор-оқытушылар құрамы тікелей эфирден көріп-тыңдады.

Мемлекет басшысының білім мен ғылымды дамытуды қажет ететін мәселелерге назар аударғаны - университеттің профессор-оқытушыларының көңілінен шығып отыр. Жолдауда әсіресе, су шаруашылығына қатысты жайттар ашық айтылды. Ғалымдар су ресурстарының тапшылығы – бұл халықаралық деңгейдегі түйткілді проблема екенін алға тартуда.

Президент еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне толықтай реформа жасалатынын айтты. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. «Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Университет оқытушылары су шаруашылығы саласына қажетті кадр даярлау мәселесін түбегейлі реттеу қажет деп есептейді.

– Су мәселесі соңғы жылдарда оңтүстік өңірлерде ушыға түсті. Бұны ұлтқа, мемлекетке төніп тұрған қауіп деуге де болады. Көптеген ғалымдар су ресурстарын үнемдеу мәселесінде бірқатар елдердің де тығырыққа тірелгенін айтып жүр. Бір жағынан бұған маман тапшылығының туындауы да себеп болып отырғанын мойындауымыз керек,- деді ректор М.Байжұманов.

Сапалы білім беру мен сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін қажетті жағдай жасау – Дулати университетінің басты міндеті. 60 жылдан астам тарихы бар университетте еліміздегі ең алғашқы «Су шаруашылығы» мамандары түлеп ұшқан. Қазір мемлекеттің ғана емес, әлемдік проблемаға айналған су ресурстарын үнемдеу тек білікті кадрлардың көмегімен ғана шешіледі. Сондықтан білім беру мекемелерінде бұл мәселенің бір жүйесін жасау керектігі айтылды.

Жиын соңында профессор-оқытушылар құрамы Жолдауда нақтыланған тапсырмаларды қолдайтындықтарын жеткізді.

WhatsApp Image 2023 09 01 at 19.56.13

WhatsApp Image 2023 09 01 at 19.56.13 1

WhatsApp Image 2023 09 01 at 19.56.13 2

 

 

 

                                                                                     

Прочитано 605 раз
Top