«Мектеп-ЖОО ынтымақтастық байланысы: Инновация, коллаборация және технология» Педагогикалық форум айшықтары

         Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би атындағы орта мектебінде   «Мектеп -ЖОО ынтымақтастық байланысы: инновация, коллаборация және технология» атты

педагогикалық форум өтті.

         Педагогикалық форумға облыстың, ауданның   білім беру бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, жаңашыл ұстаздар және ЖОО-ның белді  ғалымдары қатысты.

         Педагогикалық форумның мақсаты  – жалпы орта білім беретін мектептер мен ЖОО-ның ынтымақтастық байланысы негізінде мектеп мұғалімдері мен ғалымдардың бірлескен коллаборативті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы инновациялық технологияларды пайдалана отырып, білім сапасын арттырудың жаңа әдістемесін ұсыну.

         Педагогикалық форумды   мектеп директоры Ардақ Төлепбайқызы салтанатты түрде ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Педагогикалық форум аясында Шу қаласы Төле би атындағы орта мектебі және Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірлескен екі жақты меморандум аясында Дулати университеті «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының және Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» атындағы төс белгісінің иегері, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісінің иегері, «А.Байтұрсынов» атындағы алтын медальдің иегері, 2 дүркін ЖОО-ның үздік оқытушысы   Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы атындағы дарынды оқушыларға арналған Кіші Академия ашылды.

         Кіші Академияның лентасын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары – академик Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы және ардагер ғалым-ұстаз - Сейсекүл Исматова қиды.

Мектепте  ашылған академик Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы атындағы «Кіші Академия» оқушыларды сыни ойлауға дағдыландыра отыра, ғылыми-зерттеушілік қабілеттерін қалыптастыруды көздейді.

          Кіші академия  3 бағытта жұмыс жасайтын болады: олимпиадалық резерв мектебі;

ғылыми мектеп ( ғылыми жобалар мектебі); білімдарлар одағы.

           Ғылымға құштар мектеп оқушыларының-болашақ ғалымдардың ғылыми еңбектерге   қызығушылық арттыру мақсатында өз атымен ашылған Кіші Академияға   академик Клара Жайдарбекқызы өзінің 500 жуық кітаптарын тарту етті.

           «Академикпен сұхбат» ашық микрофон айдарында мектеп басшылары, ұлағатты ұстаздар академик Клара Жайдарбекқызымен «Білім сапасын көтеру жолдары», «Оқушылардың білімін бағалаудағы заманауи әдістер» және т.б. тақырыптарына

шынайы сұхбат жүргізді.

Педагогикалық форумда   5 педагогикалық алаң жұмыс жасады.

        «Жас ғалымдар мінбесі» педагогикалық алаңда мектептің түрлі деңгейдегі облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары өз ғылыми жобаларының тұсаукесерлерінің жасады, ғылыми жобалар шеруі өтті.

Мектептің жас ғалымдары   Нұрым Мақанғали, Осман Усаев, Бердаул Нұрмұхаммед өздерінің инновациялық жобаларының тұсаукесерін жасады.

«Кіші академия» педагогикалық алаңында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары – академик Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы, «Ұстаз» институтының директоры Джолдасова Орынқыз Көпбосынқызы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті Сейсекүл Исматова, «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының доценті Нарима Бөрібайқызы Есенова   Қазақстан Республикасында   педагогикалық білім беруді жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныстырды.

       Болашақта Кіші академияда ғылыми- зерттеушілік жұмыстарға құштар  жас ғалымдардың бірлестіктері құрылып, ғылыми жобалары қорғалады, мектеп оқушыларына арналған ғылыми-практикалық конференциялар, байқаулар мен олимпиадалар өткізіледі. Республикаға танымал ғалымдардың, академиктердің арнайы дәрістері, ғылыми семинарлар ұйымдастырылып, жүзден жүйрік шыққан оқушылар марапатталатын болады және жаңа оқу жылынан бастап Төле би орта мектебінде педагогикалық мамандыққа бейімі бар дарынды оқушыларды тарту мақсатында педагогикалық сынып ашу көзделуде.

         «Педагогикалық шеберхана» педагогикалық алаңында Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Раймбеков Қуат Оразбекұлы және Дулати университеті «Ұстаз» институтының директоры Джолдасова Орынқыз Көпбосынқызы Төле би атындағы орта мектебінің педагогикалық ұжымы дайындаған «Lesson Study – іс тәжірибедегі оқыту мен оқуды жетілдірудің тиімді жолы» оқу-әдістемелік құралының тұсаукесерін жасады.

Зерттеу жұмысы аясында құрылған фокс топтарға жетекшілік еткен мектептің шығармашылық топ жетекшісі, математика пәнінің мұғалімі Құрманбекова Гулбану Жұмабекқызы педагогикалық форумға қатысушыларды Lesson Study зерттеуін қолдану арқылы білім сапасын арттыру бойынша   Төле би   орта мектебінің инновациялық іс-тәжірибесімен таныстырды.

        «Жүзден жүйрік» педагогикалық алаңында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, білім додасында оза шапқандар марапатталды.

«Алтын белгі» төс белгісіне үміткер, сондай -ақ 11 сынып оқушылары арасында физика пәнінен халықаралық олимпиадасынан жүлделі ІІ орын алған мектептің мақтанышы Ауесхан Анельге, «Алтын белгі» төс белгісіне үміткер Мұратхан Сұңқарбек «Үздік аттестатқа» үміткер Жұмахан Зереге «Академик Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы» атындағы атаулы сыйақыны  академик Клара Жайдарбекқызы өз қолымен табыс етіп, жас ғалымдардың болашағынан үлкен үміт күтетінін ерекше тебіреніп жеткізді.

           Облыстық, республикалық. халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары – Усаев Осман, Меделбай Асфендияр, Бердаул Нурмухамед, Калмахан Арсланхан, Таиров Амаль, Мақанғали Нұрым, Сәлімбек Динара, Қасымбек Адилия, Абдеш Айбарша, Букенбай Айдана арнайы төс белгімен марапатталды.

         «Музыкалық аялдама» педагогикалық алаңында педагогикалық форумға қатысушыларға  домбырадан күй төгіліп, жез таңдай мектеп оқушылары мен ұлағатты ұстаздар ән салып, мың бұралған бишілер   ұлттық билерін тарту етті.

«Мектеп-ЖОО ынтымақтастық байланысы: инновация, коллаборация және технология» педагогикалық форум ерекше айшықтарымен жаңа серпіліс жасап, педагогикалық қауымға жаңа әдістеме, жаңа технология, білім сапасын арттырудың жаңа бағытын   ұсынды.

Педагогикалық форум   жас ғалымдарға, мектеп басшыларына, ұлағатты ұстаздарға,   ата-аналарға, кәсіпкерлерге –мектептің демеушілеріне коллаборациялық орта аясында ерекше шабыт сыйлады.

Педагогикалық форумның педагогикалық қауымдастыққа берері мол болды.

PHOTO 2023 04 28 10 49 37

PHOTO 2023 04 28 07 01 35

PHOTO 2023 04 28 07 03 02

PHOTO 2023 04 28 10 49 36

PHOTO 2023 04 28 10 49 37 1

PHOTO 2023 04 28 10 49 39

PHOTO 2023 04 28 10 49 40

PHOTO 2023 04 28 10 49 41

PHOTO 2023 04 28 13 45 25

 

Прочитано 1136 раз
Top