Ғалымның биігі – ғылыми прогреске қосқан үлесі

Ғылыми прогреске қосқан үлес – ғалым үшін орны бөлек табыс. Сағатбек Мырзашевтің бұл салада бағындырған биігінің өзі бір белес. Техника ғылымдарының докторы, профессордың 70 жасқа толуына орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияда әріптестері мерейтой иесінің өмір жолында қол жеткізген осынау жетістіктері мен табыстарына көбірек тоқталды.

Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымының докторы, профессор Сағатбек Мырзашевтің 70 жасқа толуы мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференцияның «Ғылыми-техникалық прогресс және қазіргі ғылымның өзекті мәселелері» аталуының өзі жас зерттеушілер үшін тағылым алар өнеге деуге болады. Себебі, ғалымның өмір жолы еңбекпен жеткен табыстарымен құнды.

Конференция гидрокешен қалашығының негізін қалаушы, көрнекті ғалым Марс Үркімбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Мерейтойлық іс-шараны педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізіп отырды.

Конференцияда техника және гидромелиоративтік-құрылыс салаларының маңдайалды ғалымдары түрлі тақырыптарда баяндамалар жасап, терең қабаттарда жатқан жерасты қазба байлықтарын игеру, қоршаған ортаның экологиясын сақтау, ауызсу мен мелиоративтік каналдарды тиімді пайдалану перспективаларына тереңірек тоқталды.

Сағатбек Мырзашев осы саланың ғылыми әлеуетін көтеруге көп еңбек сіңірді. Ол кісі құрастырып, жасап шыққан  қысты күні жер қазуға, жол салуға, тау-кен жұмыстарын жүргізуге арналған бірегей техникалық қондырғы мен жұмыс құралдары кезінде Байкал-Амур магистралінің құрылыс жұмыстарын жеңілдеткен болатын. Жиында ғалымның ғылымда қол жеткізген осы және басқа да табыстары туралы айтылды.

Конференцияда Сағатбек Мырзашевтің «Ғылым жолындағы ғұмырым» атты кітабы таныстырылып, тұсаукесер рәсімі өтті.

2

3

4

Прочитано 752 раз
Top