Кері байланыс: Дулати университетінің делегациясы Ресей химия-технологиялық университетіне барды

Еңбек нарығындағы сұранысқа сай химик-технолог мамандарды бірлесе даярлауға  отандық және ресейлік университеттер де ынта танытып отыр. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті іскерлік байланыстың екінші сатысында «Қос дипломды» бағдарламаның шеңберінде білім берудің жай-жапсарын талқылады.

Осындай мақсатпен Дулати университетінің делегациясы Ресей химия-технологиялық университетіне арнайы жұмыс сапарымен барды. Кездесуде қос тарап бірлескен ғылыми-техникалық, зерттеу және білім беру қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Келісімдер шеңберінде Тараз өңірлік университетінің базасында «Қазфосфат» ЖШС және ресейлік «Уралхим» біріккен химиялық компаниясы» АҚ бірлесіп, желілік білім беру кампусын құру жоспарлануда.

2

Ресейдегі кездесуде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн байланысқа қосылып, тараптардың ресми өкілдері бірлескен білім беру және «Қос дипломды» бағдарламасын дамытудың Жол картасын әзірлеу жолдарын талқылады. Білім беру бағдарламаларын келесі оқу жылында іске қосуды көздеп отыр.

Жоғары білім берудегі іскерлік байланыс аясындағы келіссөздер алғаш рет жүргізіліп жатпағаны белгілі.Қаңтар айында РХТУ делегациясы Тараз қаласына келген.Сол жолғы кездесуде еліміздегі фосфордың ең ірі өндірушісі «Қазфосфат» ЖШС-нің Бас директоры Ғани Тоқсанбаев таяу жылдары өндіріске 4000-ға жуық білікті кадрларды тартуды талап ететін инвестициялық жобаларды іске қосатынын, химик-технолог мамандарға деген сұраныс артатынын алға тартқан еді. Кәсіпорын басшылығының маман даярлау ісіне мүдделі болып отырғаны да, сондықтан.

3

Меморандумға сәйкес тараптар химия және химиялық технология, полимерлік материалдар, аналитикалық химия, экология, материалтану және химия-фармацевтика салаларында бірлескен жобаларды әзірлеумен айналысады. Студенттер, докторанттар, ғылыми дәрежеге үміткерлер, тағылымдамадан өтуші-зерттеушілерді Ресей мен Қазақстанда тағылымдамалардан өтіп, біліктіліктерін арттыру жоспарлануда.

Сондай-ақ ғылыми дәрежелерді беру бойынша бірлескен ғылыми кеңестер құрылады, олардың құрамына серіктес жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары кіреді. Ресейде Дулати университеті әзірлеген, ал Қазақстанда РХТУ әзірлеген технологиялар болашақта инновациялық жобаларды іске қосуға,сол арқылы жаңа өндірістер мен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін болады.

4

5

Прочитано 855 раз
Top