Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетімен келісімге қол қойылды.

Былтыр жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде 2025 жылға дейін шетелдік жоғары оқу орындарының бес филиалын ашуды тапсырды. Мемлекет басшысы атап өткендей, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуы жоғары оқу орындарының заманауи үлгілері мен ғылыми экожүйені ұлттық білім және ғылым жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді.

Осы тапсырманы орындау шеңберінде 2023 жылғы 19 қаңтарда М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Дулати университеті, Д. И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС арасында білім және ғылым саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылды.

Бұл келісім – қаржылық және материалдық қолдау көрсететін «Қазфосфат» ЖШС және Дулати университеті мен Менделеев университетінің оқытушылары мен ғалымдары қамтамасыз ететін үштік спираль моделіне: білім – ғылым – өндіріс шеңберіндегі ғылыми және білім беру өзара іс-қимылына негізделген.

Осыған сәйкес енді ғылым мен білім беру, инновациялық қызмет, ғылымды қажетсінетін жобаларды әзірлеу және іске асыру, нарыққа жаңа технологияларды ілгерілету және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін заманауи технопарктер құру саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнайды.

Бұл өз кезегінде ынтымақтастықтың мынадай бағыттарын айқындады:

 Ғылым саласында:

- халықаралық бағдарламалар шеңберінде бірлескен жобаларды әзірлеу және орындау;

- Ресейде және Қазақстанда докторанттарды, ғылыми дәреже ізденушілерді, бірлескен ғылыми зерттеулер шеңберінде тағылымдамадан өтуші-зерттеушілерді оқыту, тағылымдамадан өтуі және біліктілігін арттыруына жағдай жасау;

- Инновациялық өнімдер шығару мақсатында Қазақстанда ашылған жаңа жұмыс орындарында еңбек ететін жас кадрларды Ресейде, оның ішінде химиялық кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуіне жол ашу, М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің РХТУ-мен бірлесіп әзірлеген оқыту технологияларын жүзеге асыру;

Білім беру саласында:

- Ресейде Дулати университетінің бакалаврлары мен магистрлерін даярлайтын  қашықтықтан оқыту жүйесін әзірлеу және құру;

- академиялық алмасу жобаларын дайындау;

- білім беру мен ғылымдағы инновациялық байланыстарды кеңейту;

- «Қазфосфат» ЖШС-ның өндірістік алаңдары арқылы магистранттар мен докторанттардың оқу-өндірістік практикалары мен ғылыми тағылымдамаларын өткізу үшін тәжірибе алаңдарын ұсыну;

Халықаралық ынтымақтастық саласында:

- инновациялар және технологиялар трансфері мәселелері бойынша Қазақстанда, Ресейде халықаралық кездесулер, форумдар ұйымдастыру және өткізу;

- екі елдің технологияларын тарта отырып, Қазақстанда және Ресейде, сыртқы нарықта инновациялық өнімдерді сату;

- инновациялық қызметті жандандыру мақсатында Қазақстан Республикасына ресейлік және халықаралық қаржы қорларын тарту;

- мамандармен халықаралық алмасу, тағылымдамалардан және оқыту крустарын ұйымдастыру, шетелдік тәжірибені зерттеу.

Кездесу барысында «Қос дипломды» білім беру бағдарламасы бойынша химия өнеркәсібі мамандарын даярлау мәселелері, сондай-ақ Дулати Университеті базасында Менделеев университетінің филиалын ашу перспективалары талқыланды.

Ресей делегациясы Дулати университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының зерттеу зертханаларына, сондай-ақ «Қазфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар зауытына», өндірістік цехтары мен зертханаларын аралап көрді.

Айта кету керек, «Қазфосфат» ЖШС – Дулати университетінің түлектері, жас технологтар үшін негізгі жұмыс берушілердің бірі. Іргесі сонау 1958 жылы Жамбыл қаласында қаланған технологиялық институты – өңірдегі химия өнеркәсібі үшін, оның ішінде «Қазфосфат» ЖШС кәсіпорындары үшін кадрлар ұстаханасы болып келеді.

2

3

5

6

7

Прочитано 980 раз
Top