М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті төрінде «Мұрадан креативті болашаққа» тақырыбында Халықаралық қолөнер және креативті индустриялар фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Ауқымды мәдени-шығармашылық шараға Ұлыбритания, Италия, Үндістан және Қырғызстан елдерінен шығармашылық индустрия саласының өкілдері келді.
Салтанатты жиында Дулати университеті мен Еуразиялық қолөнер және дизайн кеңесі арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қолөнер шеберлері, суретшілер мен этнографтар, сән әлемінің мамандары бас қосқан жиында алғы сөзді Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева алып, түрлі елдерден келген өнер адамдарының көне Тараз төрінде, Дулати университетінде бас қосуы үлкен мәртебе әрі мақтаныш екенін жеткізді. Ұлы Жібек жолында орналасқан тарихы терең Тараз қаласында ауқымды шараның өтуі символдық мәнге ие екенін айтты. Үш күндік іс-шара аясында шеберлер өзара тәжірибе алмасу арқылы жаңа жобалар, білім беру бағдарламалары, жаңа келісімдерге қол жеткізуге мүмкіндік туындайтынына сенім білдірді.
Eurasian Council for Craft & Design ұйымының Азия елдері бойынша вице-президенті Айдархан Калиев Тараз қаласының «Дүниежізілік қолөнершілер қаласы» деп танылғаны тектен тек емес, Тараз сан алуан өнердің түйіскен мекені ретінде танымал екенін айтты. Өзінің Тараз тумасы, университет түлегі екенін мақтанышпен жеткізді.
Eurasian Council for Craft & Design ұйымының құрылтайшысы, Алматы қаласы Қолөнершілер палатасының президенті Дәмелі Жанашева, ECCD ұйымының Италиядағы өкілі, MADMOOD FASHION WEEK MILANO және MEDITERRIAN FASHION WEEK президенті, Италияның Лечче қаласындағы Бірінші халықаралық қолөнер және дизайн фестивалінің ұйымдастырушысы Марианна Мичелли, «Кырғыз Хэндмейд» және «Байбол Груп» компанияларының негізін қалаушы, экономика бойынша француз ғылымдарының магистрі, Қырғызстан туроператорлар қауымдастығының президенті Мансұр Аблаев, Ұлыбританиядағы Тессайд университетінің (University of Teesside) сән бағыты бойынша магистрі Венука Яссасри, Үндістаннан Аджрах техникасы бойынша Хатри әулетінің ісін жалғастырушы, «Джаббар и Мубин» қолөнер компаниясының негізін қалаушы, креатор Мубин Хатри фестиваль аясында өз пікірлерін, жылы лебіздерін жеткізді.
Мұра, қолөнер, дизайн, сән, өнім, нарық сынды бағыттарды қамтитын бұл фестивальде сала мамандары өзара тәжірибе алмасу арқылы, халықаралық деңгейде жаңа жоба, тың идеялар туындайтынына сенім білдіріп отыр.
Халықаралық фестиваль ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі мен жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер, мәдени-танымдық іс-шаралармен жалғасын табады.









