Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

Қазақстанда жоғары білім беру саласын жаңғыртуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Университеттердің халықаралық беделін арттыру, білім гранттарын көбейту, студенттерді әлеуметтік қолдау және ғылыми әлеуетті күшейту бағыттарында оң өзгерістер байқалады.

Университеттердің халықаралық танымалдығы артып келеді. QS халықаралық рейтингінің ТОП-700 тізіміне енген қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 2019 жылғы 10-нан 2026 жылы 18-ге жетті. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Азия елдері арасында рейтингке қатысатын университеттер саны жөнінен 11-орында.

Жоғары білімге қолжетімділік кеңейді. Соңғы жеті жылда жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттар саны 1,5 еседен астам өсті. 2026 жылы бакалавриатқа 75 371, магистратураға 13 191, докторантураға 3 079 грант қарастырылды.

Түлектердің еңбек нарығына бейімделу көрсеткіші жоғары. Соңғы жеті жылда 1,15 млн түлектің 832,5 мыңы жұмысқа орналасты. Жалпы жұмыспен қамту деңгейі 72,2%-ды құрады. Мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған түлектердің 78,2%-ы жұмысқа орналасқан.

Студенттерге берілетін қолдау күшейді. Жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясы екі есеге артып, 52 372 теңгеге жетті. Педагогикалық мамандықтар студенттерінің стипендиясы 84 мың теңгені құрады. Ал магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 2020 жылмен салыстырғанда 1,75 есеге өсті.

Шетелдік университеттермен байланыс нығайып келеді. Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмысын бастады. Сонымен қатар, әлемдік академиялық рейтингтердің ТОП-250 қатарына кіретін жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу рәсімдері жеңілдетілді.

Ғылыми-зерттеу бағыттары кеңеюде. 11 жоғары оқу орнының базасында Академиялық және зерттеу шеберлігі орталықтарын құру басталды. Олар экология, су ресурстары, энергетикалық қауіпсіздік, тау-кен металлургиясы, биотехнология және агроөнеркәсіптік кешен сияқты стратегиялық салаларды қамтиды.

Студенттерді жатақханамен қамту жақсарды. 2018 жылдан бері 72 125 орынға арналған 281 жатақхана пайдалануға беріліп, тапшылық 83,6%-ға қысқарды. 2026 жылы тағы 18 жатақхананы іске қосу жоспарланған. Олар 6 857 орынға есептелген. Сонымен бірге әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылуда. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап студент-сироталарға және мүгедектігі бар студенттерге жатақханада тұру шығындарын өтеу қарастырылған. Өтемақы мөлшері 29 АЕК немесе 125 425 теңгені құрайды.

Осы көрсеткіштер жоғары білім беру жүйесінде сапа мен қолжетімділікті арттыру, халықаралық ықпалдастықты күшейту және студенттерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.