Жаңалықтар

ҒЫЛЫМИ ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті ғалымдарының ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстары жаңа серіктестік байланыстармен толықты.

26–29 тамыз аралығында AP23485390 «Практикалық философия: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудағы интегралды білім беру мен дизайн-ойлау тұжырымдамалық метамоделі» гранттық жобасы аясында жоба жетекшісі Г.Б. Нұрадин мен кіші ғылыми қызметкер Г.Б. Төлешова Қостанай және Арқалық қалаларына ғылыми іс-сапармен барды.

Іс-сапардың алғашқы бағыты А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті болды. Мұнда университет басшылығы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ғалымдарымен кездесулер ұйымдастырылып, практикалық философияны білім беру жүйесіне енгізу, әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудың заманауи тәсілдері және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Ғылыми сапар Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде жалғасты. Кездесу барысында гранттық жоба аясындағы жұмыстардың нәтижелері таныстырылып, Filosof.kz платформасының мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ, гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысуға қызығушылық танытқан әріптестермен тәжірибелік кездесу өтіп, ғылыми жобаларды дайындау мен жетілдіру жолдары бойынша пікір алмасылды.

Іс-сапар соңында жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми байланыстарды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар перспективалы бағыттар белгіленді.