Жаңалықтар

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТУРИЗМ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті, «Құқық, бизнес және басқару» жоғары мектебінің «Туризм және сервис» кафедрасының ұйымдастыруымен 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күніне орай «DULATY TOURISM DAY 2026» тақырыбында іс-шара өткізілді.

Іс-шараға туризм, қонақжайлылық, креативті индустрия және туристік қызмет көрсету салаларының бірқатар беделді өкілдері ,университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Іс-шараның арнайы қонақтары қатарында Жамбыл облысы әкімдігінің туризм және инвестиция басқармасының басшысы Ержан Талип, туризм бөлімінің басшысы Қажы Ж.Ж., Туристік ақпараттық орталығының директоры Мөлдір Уразалиева, «Қонақ үй Жамбыл» ЖШС директоры Марите Әбілпатта , Жамбыл облысы бойынша Креативті индустрия басшысы Сара Мадиева , «Seber shanyraq» қоғамдық қолөнершілер бірлестігінің төрайымы Анар Бексултанова , «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұржан Мергенбай , «Жамбыл облысының альпинизм, радиобағдарлау және спорттық туризм федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті  Ниматжан Мурсаитов , «TapazTravel» туркомпаниясының директоры  Оралкуль Аширбаева , «Золотой караван» ЖШС директоры Валерий Татаренков , «Marven Tour» ЖШС туристік агенттігінің директоры Венера Алтынбекова және «EveresTime» ЖШС туристік компаниясының директоры Алишер Тоғайбек болды.

Іс-шара аясында қатысушыларға Жамбыл облысының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға бағытталған бірнеше көрме ұйымдастырылды.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығынан арнайы жәдігерлер әкелініп, гидтер олардың тарихы мен ерекшеліктері туралы таныстырды. Бұл көрме студенттерге өңірдің археологиялық және тарихи құндылықтарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар Жамбыл облысының «Seber shanyraq» қоғамдық қолөнершілер бірлестігінің бұйымдары қойылып, ұлттық қолөнердің бірегей үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің ерекше шығармашылық алаңдарының бірі – Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштеріне арналған студенттердің қолмен салған картиналарының көрмесі болды. Білім алушылар туған өлкенің тарихи орындары мен сәулет ескерткіштерін өз шығармашылық көзқарастары арқылы бейнелеп, көрерменге ұсынды.

Іс-шараның маңызды бөлімдерінің бірі – танымдық семинар болды. Семинар жұмысына «Құқық, бизнес және басқару» жоғары мектебінің деканы Диана Муратова модераторлық жасап, кездесудің мазмұнды әрі жүйелі өтуіне жетекшілік етті.

Семинар барысында арнайы шақырылған қонақтар туризм саласы, тарихи-мәдени мұраны сақтау және туристік бағыттарды дамыту мәселелері бойынша өз ойларымен бөлісті.

«Туристік бизнес» және – «Туризм саласындағы цифрлық маркетинг» білім беру бағдарламаларының студенттері өздерінің білімдері мен шығармашылық ізденістерін көрсетіп, қазақ және ағылшын тілдерінде тақырыптық презентациялар ұсынды.

Іс-шараның практикалық бөлігінде – «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламасына арналған арнайы аудиторияда шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Мастер-класс барысында студенттер мейрамхана сервисі саласына қатысты практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан арнайы қонақтарға және студенттерге алғыс хаттар табысталып, олардың туризм саласын насихаттауға және студенттердің кәсіби дамуына қосқан үлесі атап өтілді.