Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТХАНАСЫ ОТАНДЫҚ ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУҒА ҮЛЕС ҚОСУДА

Қазіргі таңда ғылым мен өндірістің өзара байланысын күшейту – экономиканың тұрақты дамуы мен отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды тетігі. Ғылыми зерттеулердің нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталуы жаңа технологияларды енгізуге, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Осы бағыттағы жұмыстар М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде де жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Университет құрамындағы «Материалдар сапасы, беймата композиттік материалдар» атты ғылыми-зерттеу зертханасы ғылым мен өндірісті байланыстыратын маңызды алаң ретінде қызмет атқарып келеді.

Зертхананың қызметі – текстиль, былғары, аяқ киім және беймата композициялық материалдардың сапасын зерттеу, сынақтан өткізу және олардың эксплуатациялық қасиеттерін бағалау. Мұнда материалдардың ылғалдылығы, талшықтардың жіңішкелігі, майлы заттардың құрамы, бөгде қоспалардың мөлшері секілді көрсеткіштер анықталып, өнімнің сапасына кешенді талдау жүргізіледі.

Сонымен қатар, зертханада материалдардың отқа, қартаюға, жарық пен ауа райының әсеріне төзімділігі, бояудың ультракүлгін сәулелерге тұрақтылығы, материалдардың ауа және бу өткізгіштігі зерттеледі. Аяқ киім мен оның материалдарының сапасы да арнайы зертханалық сынақтар арқылы бағаланады.

Аталған жұмыстар өндіріс орындары үшін маңызды практикалық нәтижелер береді. Себебі ғылыми зерттеулер арқылы кәсіпорындар қолданатын материалдардың сапасын анықтап қана қоймай, өндірістік технологиялардың тиімділігін бағалап, дайын өнімнің белгіленген стандарттар талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ете алады.

Зертхананың маңызды ғылыми бағыттарының бірі – қой жүні негізінде жылу оқшаулағыш және беймата композициялық материалдар жасау технологиясын әзірлеу.

Қазақстанда қой шаруашылығы кеңінен дамыған. Алайда өндірісте жүннің барлық көлемі бірдей тиімді пайдаланылмайды. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті қой жүнін терең өңдеп, одан жоғары қосылған құны бар жаңа материалдар өндіру – ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп арасындағы байланысты күшейтудің перспективалы бағыттарының бірі.

Мұндай технологияларды дамыту арқылы жергілікті шикізатты тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысын арттыру, қайта өңдеу саласын дамыту және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бар. Ең бастысы – отандық шикізат негізінде бәсекеге қабілетті өнім шығаруға жол ашылады.

Зертхана өндіріс орындарымен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Кәсіпорындарға материалдар мен дайын аяқ киімнің сапасын бағалау, жаңа материалдар мен технологияларды сынақтан өткізу, өнімнің эксплуатациялық қасиеттерін анықтау және өндірістік мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешу бойынша ғылыми-техникалық әрі консалтингтік қызметтер көрсетіледі.

Әсіресе арнайы және қорғаныш аяқ киім өндірісіне ғылыми қолдау көрсету – зертхана жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Қазақстанда аталған өнімдерге тұрақты сұраныс бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы аяқ киімге деген жыл сайынғы қажеттілігі 120 мың жұптан асады. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде де арнайы және қорғаныш аяқ киімге тұрақты қажеттілік қалыптасқан.

Осы ретте өнім сапасын ғылыми-зертханалық жағдайда алдын ала бағалау отандық кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін арттырып, мемлекеттік тапсырыс талаптарына сай сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Бүгінде, зертхана «Пош-Тараз» ЖШС, «KAZFELTEC» ЖШС, «ТаразКожОбувь» ЖШС, «ЭллинShoes» ЖШС, «Кожевенный завод» ЖШС және «Мирас» ЖК сынды отандық кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс жүргізуде.

Өзара әріптестік – университет ғылымының өндірістен алшақ емес екенін көрсететін нақты мысал. Зертханада жүргізілетін ғылыми ізденістер мен сынақ нәтижелері өндірістегі нақты міндеттерді шешуге бағытталып, жаңа материалдар мен технологияларды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беріп отыр.

Ғылымның басты құндылығы – оның нақты нәтижеге айналуында. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Материалдар сапасы, беймата композиттік материалдар» ғылыми-зерттеу зертханасы осы қағиданы негізге ала отырып, ғылымды өндіріспен сабақтастырып, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына өз үлесін қосуда!