М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаеваның қатысуымен оқу орнының негізгі даму бағыттарына арналған есептік жиын өтті.
Басқосуға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері және студенттер қатысты.
Жиын барысында университет басшысы алғашқы жартыжылдықта жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталып, әлеуметтік және кадрлық саясат, академиялық сапа, ғылым мен инновация, цифрландыру, инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлік әріптестікті дамыту бағыттарындағы нәтижелерді таныстырды. Есепте университеттің дамуындағы негізгі көрсеткіштер мен жүзеге асқан жобаларға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 25%-ға арттырылып, оқу жүктемесі оңтайландырылды. Академиялық сапаны арттыру мақсатында 2026–2027 оқу жылына қабылдау кезінде талапкерлер үшін ең төменгі шекті балл 68-ге көтерілді. Нәтижесінде университетке 3 213 студент қабылданды. Шетелдік студенттер саны 4,5 есеге өсіп, жалпы контингенттің 6,22%-ын құрады. Ғылым және инновация саласында 6 ғылыми мектеп пен 4 флагмандық R&D жобаға басымдық беріліп, 4 жаңа ғылыми нысан мен зертхана ашылды. Сонымен қатар, 31 білім беру бағдарламасы мамандандырылған аккредиттеуден өтті. Цифрландыру бағытында ақпараттық қауіпсіздік жүйелері күшейтіліп, студенттер мен қызметкерлерге көрсетілетін қызметтерді электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізілді. Университеттің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында 18 оқу корпусы мен 33 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Білім алушыларға қолайлы орта қалыптастыру үшін инклюзивті жағдайлар мен тактильді навигация элементтері енгізілді. Өңірлік әріптестікті дамыту бағытында «DULATY – Оңтүстік инновациялық-индустриалдық хабы» аясында 7 меморандумға қол қойылып, Қаратау қаласындағы DSMIT базасында өнеркәсіптік кластерге қажетті кадрларды даярлау жұмыстары қолға алынды.
Жиын соңында профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, университеттің алдағы даму бағыттарына қатысты мәселелерді ортаға салды. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар алды.



