Жамбыл облысы, Шу қаласындағы Төлеби атындағы орта мектепте 2023 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан дарынды балаларға арналған «Академик Клара Бузаубакова атындағы Кіші Академия» аясында «Дулати» сыныптарымен бірге «Педагог мамандығының ерекшеліктері: AI-Pedagog» атты педагогикалық хакатон ұйымдастырылды.
Хакатон мақсаты – педагог мамандығын таңдаған мектеп бітіруші түлектерге заманауи білім беру кеңістігіндегі мұғалімнің рөлін таныстыру. Сонымен қатар, жасанды интеллект дәуіріндегі болашақ педагогтің жаңа бейнесін (AI-PEDAGOG) қалыптастыру бағытында кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізу.
Хакатон барысында бірнеше мазмұнды форсайт-сессиялар өткізілді. Атап айтқанда, «Мен мұғалім мамандығын таңдадым!» форсайт-сессиясы барысында «Дулати» педагогикалық сыныбының түлектері ұстаздық мамандықтың жауапкершілігі мен маңызын талқылап, өз кәсіби таңдауларына сенімді екендіктерін білдірді. Оқушылар алдағы уақытта М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде білім алуды мақсат ететіндерін атап өтті.
«Жасанды интеллектпен болашаққа бағдар» форсайт-сессиясында қатысушылар білім беру жүйесіндегі жасанды интеллекттің рөліне тоқталып, оның оқу үдерісін жетілдірудегі, білім алушылардың өзіндік дамуын қолдаудағы мүмкіндіктерін қарастырды.
«Менің алғашқы инновациялық жобам» жобалық форсайт-сессиясында «Дулати» сыныбының болашақ педагогтері білім сапасын арттыруда жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдануға бағытталған алғашқы ғылыми жобаларын таныстырды. Оқушылардың жобалары заманауи білім беру үрдістерімен үндесіп, жоғары қызығушылық тудырды.
Сонымен қатар, «Айтарым бар…» ашық диалог алаңында оқушылар өз ойларымен бөлісіп, педагог мамандығының болашағы, білім берудегі инновациялар және жасанды интеллекттің ықпалы жөнінде пікір алмасты.
Сайыс соңында қатысушылар өздерінің авторлық инновациялық жобаларын ұсынып, белсенділігімен ерекшеленді. «Дулати» педагогикалық сыныбының оқушылары М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Басқарма Төрағасы – Ректор Л.Қ. Еркінбаеваның арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.


