News

ҮНДІСТАН ЕЛШІЛІГІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНЕ КЕЛДІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде халықаралық дипломатиялық корпус өкілдері мен өңірдің іскерлік қауымдастығының қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Бұл басқосу білім мен ғылым саласындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Құрметті қонақтардың қатарында Үндістан Республикасы Елшілігінің бірінші хатшысы Hoti Lal және оның командасы, Жамбыл облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Шолпан Кариева болды. Кездесу барысында тараптар жылы жүздесіп, өзара пікір алмасты.

Сапар аясында делегация университет ректорымен арнайы кездесіп, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты талқылады.

Тараптар Қазақстан мен Үндістанның жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті нығайту — уақыт талабы екенін атап өтіп, білім мен ғылым саласында озық тәжірибе алмасудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Кездесу қорытындысы бойынша білім сапасын арттыруға, халықаралық білім беру кеңістігіне тереңірек кірігуге бағытталған өзара іс-қимылдың нақты әрі перспективалы бағыттары айқындалды.

Айта кетейік, бұл сапар университеттің халықаралық ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болды.