News

21-30 қыркүйек аралығында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде алты жоғары мектеп ұжымымен кездесулер өтті. Негізгі тақырыптар: 2025–2026 оқу жылындағы KPI нәтижелері, Негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) туралы ереженің жаңа редакциясы және келесі есепті кезеңге арналған міндеттер болды. Кездесулерді Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және интернациоландыру жөніндегі проректор Есімова Шолпан Алтынбекқызы өткізді.

Кездесу барысында профессор-оқытушылар құрамы (ПОҚ), кафедралар мен жоғары мектептердің KPI нәтижелеріне жасалған талдау ұсынылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша университет ПОҚ-тың 100 үздік өкілі, үш үздік кафедра және үздік жоғары мектеп анықталды.

KPI-дың негізгі бағыттары –  ғылыми, академиялық, әлеуметтік-мәдени қызмет бойынша нәтижелер қарастырылып, мықты тұстар мен дамытуды талап ететін бағыттар белгіленді.

KPI – стратегияны жүзеге асыру құралы

KPI туралы ереженің жаңа редакциясына ерекше назар аударылды. Ереже әзірлеу барысында көрсеткіштердің М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 2029 жылға дейінгі даму бағдарламасымен, 2029 жылға дейінгі Ғылым мен білімді дамыту тұжырымдамасымен, сондай-ақ Жамбыл облысының даму бағдарламасымен өзара байланысы қамтылды.

Осылайша, KPI индикаторлары ПОҚ-тың жеке нәтижелерін бағалауға ғана емес, сонымен қатар университеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге және оның өңірді дамытуға қосатын үлесіне бағытталған.

Жаңа редакцияда университеттің заманауи міндеттерін айқындайтын бағыттар күшейтіліп, толықтырылды, оның ішінде:
 «Жасыл күн тәртібі» және тұрақты даму принциптері;
 Инвестициялар тарту және бюджеттен тыс қаржыландыруды дамыту, соның ішінде эндаумент-қорын қалыптастыру мен дамыту;
 Жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасау және білім берудің экономиканың нақты секторымен байланысын нығайту;
 Ғылыми және инновациялық қызметті дамыту;
 Кафедралардың, жоғары мектептердің және ғылыми-зерттеу бөлімшелерінің нәтижелілігін арттыру.

Сондай-ақ, балл есептеу тәртібі, жауапкершілік аймақтары, растаушы құжаттарға қойылатын талаптар, KPI жүйесімен жұмыс істеу процедуралары мен ынталандыру механизмдері түсіндірілді.

Кездесудің маңызды бөлігі профессор-оқытушылар құрамымен ашық диалог болды. Әріптестер сұрақтар қойып, тәжірибеде кездесетін қиындықтарды атап өтті және жүйені жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізді.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті экологиялық жауапкершіліктің жоғары стандарттарын көрсетіп, UI GreenMetric World University Rankings 2026 беделді жаһандық экологиялық тұрақтылық рейтингіне сәтті енді.

30 қыркүйек күні Қытайдың Линпин қаласында М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті мен Линпин тарапы арасында тоқыма, цифрлық сән, білім, ғылым және өндіріс салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған рамкалық келісімге қол қойылды.

Қазақстан тарапынан құжатқа М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма төрағасы - Ректор Ләззат Еркінбаева қол қойды. Келісім Тараз бен Линпин арасындағы университет, кәсіпорын және шығармашылық индустрия өкілдерін біріктіретін практикалық жобаларды іске асыруға негіз қалайды.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде тоқыма материалдары мен жібек өндірісі, цифрлық сән, 3D жобалау және виртуалды киіп көру, функционалды және экологиялық материалдар, мәдени мұраға негізделген заманауи дизайн, инженерлер мен дизайнерлер даярлау, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру белгіленді.

Келісім аясында студенттер мен оқытушылардың Линпин кәсіпорындарында тағылымдамадан өтуі, қытайлық мамандардың Дулати университетінің білім беру бағдарламаларына, шеберлік сабақтарына және бірлескен ғылыми жобаларына қатысуы, прототиптер әзірлеу және студенттік стартаптарды қолдау көзделеді.

Ләззат Еркінбаева қол қойылған құжаттың формалды байланыспен шектелмей, зерттеуден өндіріске және нарыққа дейінгі толық ынтымақтастық тізбегін құруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Линпиннің өндірістік, дизайнерлік және цифрлық тәжірибесі Қазақстанның жас таланттарымен, табиғи материалдарымен және ғылыми әлеуетімен ұштасуы мүмкін.

Дулати университеті Линпин әкімшілігі мен кәсіпорындарын болашақ «Жібек жолы» тоқыма, цифрлық сән және креативті индустриялар консорциумының индустриялық серіктестері болуға шақырды. Консорциумға Орталық, Шығыс және Оңтүстік Азияның университеттері, зерттеу орталықтары, дизайнерлік ұйымдары мен кәсіпорындарын тарту ұсынылады.

2027 жылға арналған алғашқы практикалық қадамдар қатарында екі тараптан үйлестірушілерді бекіту, бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу, тағылымдама базаларын анықтау және Қазақстан мен Қытайда таныстырылатын демонстрациялық жобаны іске қосу бар.

Қол қойылған рамкалық келісім Дулати университетінің Қытаймен технологиялық және білім беру байланыстарын кеңейтіп, Тараздың тарихи Жібек жолындағы мәдени мұрасын заманауи тоқыма өндірісімен, цифрлық технологиялармен және креативті кәсіпкерлікпен байланыстыратын жаңа кезеңді бастайды.

 

 

30 қыркүйек күні Ханчжоу қаласында цифрлық сән саласындағы таланттар, академиялық орта және индустрия өкілдерінің халықаралық конференциясы өтті. Ауқымды іс-шараға әлемнің 18 елінен 400-ден астам қатысушы жиналды. Қазақстандық делегацияны М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева басқарды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті, «Құқық, бизнес және басқару» жоғары мектебінің «Туризм және сервис» кафедрасының ұйымдастыруымен 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күніне орай «DULATY TOURISM DAY 2026» тақырыбында іс-шара өткізілді.

Іс-шараға туризм, қонақжайлылық, креативті индустрия және туристік қызмет көрсету салаларының бірқатар беделді өкілдері ,университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Іс-шараның арнайы қонақтары қатарында Жамбыл облысы әкімдігінің туризм және инвестиция басқармасының басшысы Ержан Талип, туризм бөлімінің басшысы Қажы Ж.Ж., Туристік ақпараттық орталығының директоры Мөлдір Уразалиева, «Қонақ үй Жамбыл» ЖШС директоры Марите Әбілпатта , Жамбыл облысы бойынша Креативті индустрия басшысы Сара Мадиева , «Seber shanyraq» қоғамдық қолөнершілер бірлестігінің төрайымы Анар Бексултанова , «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұржан Мергенбай , «Жамбыл облысының альпинизм, радиобағдарлау және спорттық туризм федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті  Ниматжан Мурсаитов , «TapazTravel» туркомпаниясының директоры  Оралкуль Аширбаева , «Золотой караван» ЖШС директоры Валерий Татаренков , «Marven Tour» ЖШС туристік агенттігінің директоры Венера Алтынбекова және «EveresTime» ЖШС туристік компаниясының директоры Алишер Тоғайбек болды.

Іс-шара аясында қатысушыларға Жамбыл облысының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға бағытталған бірнеше көрме ұйымдастырылды.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығынан арнайы жәдігерлер әкелініп, гидтер олардың тарихы мен ерекшеліктері туралы таныстырды. Бұл көрме студенттерге өңірдің археологиялық және тарихи құндылықтарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар Жамбыл облысының «Seber shanyraq» қоғамдық қолөнершілер бірлестігінің бұйымдары қойылып, ұлттық қолөнердің бірегей үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің ерекше шығармашылық алаңдарының бірі – Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштеріне арналған студенттердің қолмен салған картиналарының көрмесі болды. Білім алушылар туған өлкенің тарихи орындары мен сәулет ескерткіштерін өз шығармашылық көзқарастары арқылы бейнелеп, көрерменге ұсынды.

Іс-шараның маңызды бөлімдерінің бірі – танымдық семинар болды. Семинар жұмысына «Құқық, бизнес және басқару» жоғары мектебінің деканы Диана Муратова модераторлық жасап, кездесудің мазмұнды әрі жүйелі өтуіне жетекшілік етті.

Семинар барысында арнайы шақырылған қонақтар туризм саласы, тарихи-мәдени мұраны сақтау және туристік бағыттарды дамыту мәселелері бойынша өз ойларымен бөлісті.

«Туристік бизнес» және – «Туризм саласындағы цифрлық маркетинг» білім беру бағдарламаларының студенттері өздерінің білімдері мен шығармашылық ізденістерін көрсетіп, қазақ және ағылшын тілдерінде тақырыптық презентациялар ұсынды.

Іс-шараның практикалық бөлігінде – «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламасына арналған арнайы аудиторияда шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Мастер-класс барысында студенттер мейрамхана сервисі саласына қатысты практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан арнайы қонақтарға және студенттерге алғыс хаттар табысталып, олардың туризм саласын насихаттауға және студенттердің кәсіби дамуына қосқан үлесі атап өтілді.

 

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің  ұйымдастыруымен «Экологиялық мәдениет – ортақ міндет» тақырыбында семинар өтті.

Семинардың негізгі мақсаты – білім алушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаларын насихаттау және жастарды экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақыру.

Іс-шараның модераторы –Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің маманы Е. Мамедалиев семинардың мақсаты мен маңызын таныстырып, спикерлердің баяндамалары мен қатысушылар арасындағы пікір алмасуды үйлестірді. Семинарға білікті мамандар қатысып, қоршаған ортаны қорғауға қатысты өзекті мәселелер бойынша мазмұнды пікірлерімен бөлісті.

Жамбыл облысы бойынша Экология департаментінің Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы, мемлекеттік экологиялық инспектор Ақерке Киргизбаева өз сөзінде мемлекеттік экологиялық бақылаудың негізгі бағыттарына, табиғатты қорғау заңнамасының талаптарына және қоршаған ортаға кері әсер ететін факторлардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.

 «Білім берудегі тарих және география» кафедрасының геоэкология маманы, PhD докторы Камила Акилова қоршаған орта мен адам әрекетінің өзара байланысы, табиғи аумақтардың экологиялық жағдайы және геоэкологиялық мәселелер жөнінде сөз қозғады. Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің жетекші маманы Бақтияр Алпысбаев жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, студенттерді қоғамдық және табиғатты қорғау іс-шараларына тарту мәселелеріне тоқталды. «Таза Қазақстан» – тек сыртқы келбетіміз бен өмір сүретін ортамыздың тазалығы ғана емес, ол ең алдымен жан дүниеміздің, ішкі болмысымыздың тазалығы екендігін атап өтті.

Кездесу аясында өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту және университет аумағында экологиялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар ортаға салынды. Семинар қорытындысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру үздіксіз білім мен жүйелі тәрбиені талап ететіні, ал табиғатты қорғау әр адамның күнделікті әрекеті мен саналы жауапкершілігінен басталатыны айтылды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері арасында «Зорлық-зомбылықтың алдын алу: Қауіпті белгілері және оны ерте анықтау» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу және жастар арасында қауіпсіз орта қалыптастыру.

Іс-шараны Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментіне қарасты «Студенттердің психологиялық денсаулығы, буллинг пен харасментке қарсы тұру» орталығы ұйымдастырды. Семинарды орталық басшысы Г.К. Саменова және психолог Н.М. Әділхан жүргізді. Кездесуге Тараз қаласы Полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция лейтенанты Динара Бақытжанқызы және полиция лейтенанты Ерік Серікұлы қатысты.

Кездесу барысында студенттерге зорлық-зомбылықтың алдын алу және қауіп туындаған жағдайда тиісті көмекке жүгіну жолдары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ, студенттермен ашық пікір алмасып, қауіпсіз орта қалыптастыру, өзара сыйластықты нығайту және зорлық зомбылыққа бейжай қарамау мәселелері талқыланды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде бастау алған «Мұрадан креативті болашаққа» Халықаралық қолөнер және  креативті индустриялар фестивалі аясында бүгін «International Professional forum: Craft, Design, Creative Industries» тақырыбында форум өтті.

Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор м. а.  Ғазиз Досмаханбетұлы алғысөзбен форумды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Eurasian Council for Craft & Design ұйымының құрылтайшысы, Алматы қаласы Қолөнершілер палатасының президенті Дәмелі Жанашева форум аясында креативті экономика мен ұлттық құндылықтардың тоғысуына қатысты ауқымды мәселелер, құнды ойлар ортаға салынатынын айтты.

Іс-шарада Қырғызстан, Белорусия, Түрікменстан, Үндістан, Ұлыбританиядан келген қолөнершілер және отандық дизайнерлер мен шеберлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Ортақ ой алаңында шығармашылық жолдарын, дәстүрлері мен ұлттық құндықтардың ерекшеліктері туралы сөз қозғады.

Форумда мәдени мұраны заманауи экономикаға интеграциялау, кретивті индустрияны дамыту, қолөнерді сақтай отырып халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қозғалды.

Сондай-ақ, шеберлердің басты мәселесі – шабыттан туған өнер туындысын нарыққа шығару, монетизациялау мәселесі көтерілді. Нарықта табысқа шығу үшін қандай қадамдар жасау қажет, серіктестік құру арқылы жаңа деңгейге көтерілу жолдары да қызу талқыланды.