М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Спартак Смайылұлының есімі берілген дәрісхананың күрделі жөндеуден кейінгі ашылу рәсімі өтті.
«Тағылымы мол ғұмыр» тақырыбындағы басқосуға университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ғалымның әріптестері мен шәкірттері, профессор-оқытушылар құрамы және ұрпақтары қатысты.
Жиынның мақсаты – көрнекті ғалым, ұстаз әрі сазгер Спартак Смайылұлының есімін ұлықтау, оның ғылым мен білім, педагогика және өнер салаларына қосқан еңбегін дәріптеу арқылы ғылыми-педагогикалық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Салтанатты жиында Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалиев және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков лентаны қиды.
Ләззат Қалымбекқызы құттықтау сөз алып, университет үшін айтулы тұлғаның есімін ұлықтаудың маңызына тоқталып, мұндай бастамалардың жас ұрпаққа рухани бағдар беретінін атап өтті. Жаңарған дәрісхананың білім алушылар үшін қолайлы орта қалыптастырып, оқу үдерісіне өз үлесін қосатынын жеткізді. Ал, Махметғали Нұрғалиұлы Спартак Смайылұлының педагогика ғылымына сіңірген еңбегіне тоқталып, оның кәсіби ізденісі мен ғылыми ұстанымдарының отандық білім беру саласының дамуына ықпал еткенін атап өтті. Ғалымның есімі мен еңбегі ұстаздар қауымы үшін қашанда қадірлі екенін жеткізді. Сонымен қатар, Асқар Бегаділұлы дәрісхананың тарихына тоқталып, оның 2011 жылы жаңғыртылу кезеңіне қатысты естеліктерімен бөлісті. Сол жылдары атқарылған жұмыстарды еске алып, бүгінде дәрісхананың қайта жаңарып, жаңа сипатқа ие болуы сабақтастықтың айқын көрінісі екенін ерекше ықыласпен атап өтті.
Жаңарған дәрісхананың қазіргі келбеті ғалым ұрпақтарының бастамасымен жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесі. Аудитория қайта жөнделіп, білім алушыларға қолайлы оқу ортасын қалыптастыратын заманауи құралдармен жабдықталды. Аталған игі бастаманың тарихы 2011 жылдан бастау алады. Сол жылы Асқар Спартакұлы Смайыловтың ұсынысымен дәрісхана алғаш рет жаңартылып, оқу үдерісіне қажетті заманауи жабдықтармен толықтырылды. Жұмыстардың жүзеге асуына сол кездегі университет басшылығы мен «Педагогикалық психология» кафедрасының ұжымы да атсалысты. Осылайша, жылдар бойы жалғасқан ізгі дәстүр биыл қайта жаңғырып, дәрісхана жаңа оқу жылына жаңарған сипатта пайдалануға берілді.
Жиында Спартак Смайылұлының ғылыми-педагогикалық қызметі мен ұстаздық жолы кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, педагогика ғылымдарының кандидаты Клара Сматова сөз алып, Спартак Смайылұлының ғылыми ізденіс мәдениетіне тоқталып, оның шәкірттеріне талап қоя білуімен қатар, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына бағыт-бағдар бергенін атап өтті. Ғалымның ғылыми мектебінен өткен мамандардың бүгінгі таңда түрлі салада еңбек етіп жүргенін жеткізді.
Спартак Смайылұлының ұлы Асқар Спартакұлы әкесінің отбасындағы орны мен адамдық болмысына қатысты естеліктерімен бөлісіп, оның қарапайымдылығы, еңбекқорлығы және өнерге деген сүйіспеншілігі туралы жылы лебізін жеткізді. Әке мұрасын сақтау мен оның есімін кейінгі буынға аманат ету отбасы үшін маңызды міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, әкесінің шығармашылық қырына тоқталып, оның ғылым мен ұстаздық қызметті музыка өнерімен ұштастыра білгенін жеткізді. Спартак Смайылұлының 20-дан астам әні мен күйі жарық көріп, шығармашылық мұрасы да кейінгі ұрпаққа жеткенін сөз етті.
Жаңарған дәрісхана ғалым есімін ұлықтайтын рухани орын ғана емес, білім алушылардың танымын кеңейтіп, ғылымға деген қызығушылығын арттыратын маңызды білім беру кеңістігі болмақ!





