News

ҚОЛӨНЕР САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫ ФОРУМДА БАС ҚОСТЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде бастау алған «Мұрадан креативті болашаққа» Халықаралық қолөнер және  креативті индустриялар фестивалі аясында бүгін «International Professional forum: Craft, Design, Creative Industries» тақырыбында форум өтті.

Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор м. а.  Ғазиз Досмаханбетұлы алғысөзбен форумды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Eurasian Council for Craft & Design ұйымының құрылтайшысы, Алматы қаласы Қолөнершілер палатасының президенті Дәмелі Жанашева форум аясында креативті экономика мен ұлттық құндылықтардың тоғысуына қатысты ауқымды мәселелер, құнды ойлар ортаға салынатынын айтты.

Іс-шарада Қырғызстан, Белорусия, Түрікменстан, Үндістан, Ұлыбританиядан келген қолөнершілер және отандық дизайнерлер мен шеберлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Ортақ ой алаңында шығармашылық жолдарын, дәстүрлері мен ұлттық құндықтардың ерекшеліктері туралы сөз қозғады.

Форумда мәдени мұраны заманауи экономикаға интеграциялау, кретивті индустрияны дамыту, қолөнерді сақтай отырып халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қозғалды.

Сондай-ақ, шеберлердің басты мәселесі – шабыттан туған өнер туындысын нарыққа шығару, монетизациялау мәселесі көтерілді. Нарықта табысқа шығу үшін қандай қадамдар жасау қажет, серіктестік құру арқылы жаңа деңгейге көтерілу жолдары да қызу талқыланды.