News

ИРАН ЕЛШІСІ УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТТЕРІНЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джоукар Али Акбар университет студенттеріне онлайн-дәріс оқыды.

Университет ректоры Ләззат Еркінбаева онлайн-дәріс ашық пікір алмасуға арналғанын айтып, Қазақстан мен Иран елдері арасындағы тарихи, мәдени байланыстарға тоқталды. Онлайн-лекцияға оқу орнының ғалымдары, оқытушылары мен студенттері қатысты. Бұл кездесу студенттер мен оқытушылардың шетелдік дипломаттармен ашық пікірлесуіне арналған «Дулати университеті: шекарасыз диалог / Dulaty University: Dialogues Without Borders» жаңа жобасының бастамасы болды.

Онлайн-лекция  «Қазақстан мен Иран: ежелгі байланыстар, ортақ мәдени мұра және ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі» тақырыбында өтті.

Өз кезегінде Джоукар Али Акбар студенттермен бұл кездесуді жақсыға жорыды. Қазақстан мен Иранды байланыстыратын тарихи ортақ құндылықтарға, туризмді дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды. Тарихи аспектілерді, екі ел арасындағы ортақ байланысты ескере отырып оқу орнында «Ирантану» орталығы ашылса деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ, Иранда ұлы ойшыл Әл-Фарабидің еңбектері барын, оны зерттеп тану үшін парсы тілін білудің маңыздылығына тоқталды.

Джоукар Али Акбар Қазақстан Республикасында Иран диаспарасының тұратынын, Иранда қазақ халқы мекендейтінін тілге тиек етіп, бұл да екі елдің ортақ байлығы ретінде қабылдайтынын айтты. Каспий теңізі арқылы шектесетін көршілес ел ретінде 35 жыл жақсы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанын айтып, бұл байланысты Иран елі жоғары бағалайтынын жеткізді.

Онлайн-дәріс аясында Джоукар Али Акбар мырзаға университеттің Құрметті профессоры атағы берілді.

Жиын соңында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауап алды.