News

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГРАНТ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АТАНДЫ!

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушылары Erasmus+ Jean Monnet Modules бағдарламасы аясында «European Approaches to Public Service Management and Good Governance» жобасының грантын иеленді.

Жоба Еуропалық Одақтағы мемлекеттік басқару жүйесінің ерекшеліктерін, мемлекеттік қызметті басқарудың заманауи модельдерін, тиімді басқару қағидаттарын және цифрлық трансформация бағыттарын білім алушыларға жан-жақты таныстыруды көздейді.

Жобаның жетекшісі – «Экономика және менеджмент» жоғары мектебінің меңгерушісі Қайрат Шалдарбеков. Жоба жұмысына экономика ғылымдарының докторы, Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор  Шолпан Есімова және аға оқытушысы Зәуре Нұрмұхамбетова қатысады.

Халықаралық жоба үш жыл бойы іске асырылады. Жалпы қаржыландыру көлемі 16 500 еуроны құрайды. Жобаның нәтижесінде Еуропалық Одақ елдерінің мемлекеттік басқару саласындағы озық тәжірибелерін білім беру үдерісіне енгізуге, білім алушылардың халықаралық тәжірибеге негізделген кәсіби білімін жетілдіруге және университеттің халықаралық академиялық байланыстарын дамытуға жол ашылады.

Әріптестерімізді құттықтаймыз! Еуропалық тәжірибені білім беру үдерісіне тиімді енгізіп, университеттің халықаралық байланыстарын одан әрі нығайту жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз!