News

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТАМАҚ ӨНДІРІСІНЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЗЕРТХАНАСЫ АШЫЛДЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Тамақ өндірісі бойынша ғылыми-зерттеу зертханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа зертхана тағам өнімдерін өндіру технологияларын жетілдіруге, олардың сапасын, қауіпсіздігін және тағамдық құндылығын арттыруға бағытталған ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік әзірлемелер жүргізуге арналған.

Зертхананың мақсаты – тағамдық шикізаттың қасиеттерін терең зерттеу, жаңа өнім түрлерін әзірлеу, сапаны бақылаудың заманауи әдістерін енгізу және тағам өнеркәсібі кәсіпорындарына ғылыми-тәжірибелік қолдау көрсету.

Салтанатты жиынға өңірдің жетекші ғалымдары мен өндіріс саласының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Казагрэкс» АҚ Жамбыл филиалы облыстық зертханасының меңгерушісі Нурлан Алимбетов, «НПО КазПродПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Гульнара Джумабекова, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық университетінің «Стандарттау және ветеринария» кафедрасының «Азық-түлік ғылымы және технологиясы» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры Пернекүл Маликтаева қатысты.

Зертхананың салтанатты ашылуында лентаны М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева және Ш. Мұртаза атындағы халықаралық университеті «Стандарттау және ветеринария» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Пернекүл Маликтаева қиды.

Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөз алып, қазіргі таңда ғылымды дамытуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан қойылып отырған стратегиялық талаптардың маңыздылығын атап өтті. Оандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, зерттеу нәтижелерін өндіріс саласына енгізу және ғылыми инфрақұрылымды күшейту негізгі басым бағыттардың бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар, бұған дейін университет ғалымдары бірқатар күрделі талдауларды шетелдік зертханаларда жүргізуге мәжбүр болғанын атап өтіп, бұл жағдайдың уақыт пен қаржылық шығындарды арттыратынын айтты. Осы ретте жаңа ашылған зертхана аталған мәселелерді шешуге мүмкіндік беріп, ғылыми зерттеулерді толықтай отандық база негізінде жүзеге асыруға жол ашатынына сенім білдірді. Ректордың айтуынша, мұндай заманауи ғылыми орталықтар университеттің зерттеу әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жас ғалымдардың тәжірибе жинақтауына, инновациялық жобаларды дамытуға және халықаралық деңгейдегі ғылыми нәтижелерге қол жеткізуіне ықпал етеді. Ал, Басқарма Мүшесі–ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев ғылыми бағыттағы жетістіктерге тоқталып, университет ғалымдары әзірлеген «Қауын ұнтағы қосылған нанды жасау әдісі» атты инновациялық жобаның патенттік құжаты «Қазпатент» мекемесінде тіркеуге толық дайын екенін хабарлады. Проректор бұл әзірлеменің тек ғылыми жаңалық қана емес, тағам өнімдерінің тағамдық құндылығын арттыруға бағытталған маңызды тәжірибелік шешім екенін атап өтті. 

Жаңа зертхана аясында тағамдық құндылығы жоғары өнімдерді әзірлеу жұмыстары да жүргізілуде. Осы бағытта пост-докторант Әсел Умирбекова құйрық май шыжығы қосылған нан технологиясын зерттеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін таныстырып, қонақтарға тәжірибелік өнім – құйрық май шыжығы қосылған шелпектер ұсынылды.

Зертхана тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін ғылыми тұрғыдан зерттеуге мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, зертханада дәннің ылғалдылығын жоғары дәлдікпен анықтауға арналған термощуппен жабдықталған ылғал өлшеуіш, ұн мен қамырдың физикалық қасиеттерін бағалайтын ИДК-1 модификациясындағы деформация өлшеуіш, зертханалық жұмыстарға арналған медициналық электрлік аквадистиллятор орнатылған. Сонымен қатар, нан және кондитерлік өнімдер технологиясын зерттеуге арналған арнайы жабдықтар – қамырды домалақтау, ширату (орау) және жаймалау машиналары іске қосылған. Бұл құрылғылар өнімнің құрылымын жетілдіруге және өндірістік процесті модельдеуге мүмкіндік береді. Ғылыми талдаулардың дәлдігін арттыру мақсатында Agilent маркалы жоғары сезімтал сұйықтық хроматографы да қолданысқа енгізілген. Бұл жабдық тағам құрамындағы химиялық компоненттерді терең талдауға және сапаны халықаралық стандарттарға сай бағалауға жағдай жасайды.

Жаңа ғылыми-зерттеу зертханасы өңірдегі тамақ өнеркәсібінің дамуына серпін беріп, отандық өнім сапасын арттыруға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етпек.