News

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЕКІ ЖАҢА ҒЫЛЫМИ ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде екі жаңа ғылыми зертхана ресми түрде ашылды. Атап айтқанда, «Геотехника» және «STEAM құрылыс материалдары мен конструкциялары» ғылыми зерттеу және сынақ зертханаларының ашылу рәсімі ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынға Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев, «Қазақ сәулет және құрылыс ғылыми зерттеу институты» Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры Мұхан Байтемиров, «Табыс жоба» ЖШС директоры Балғын Тұрлыбаева, «Ғимарат ТемірБетон» ЖШС директорының орынбасары Сәбит Сматов, құрылыс саласындағы техникалық бағалаушылар Нұрбек Оспанов, Ерлан Махамбетов, Алимхан Сугірбеков және жобалаушы маман Абзал Болатұлы қатысты.

Жаңа зертханалардың лентасын Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев, «Қазақ сәулет және құрылыс ғылыми зерттеу институты» Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры Мұхан Байтемиров және «Табыс жоба» ЖШС директоры Балғын Тұрлыбаева қиды.

Рәсім барысында Сейтжан Орынбаев құттықтау сөз алып, жаңа зертханалардың ашылуын жоғары бағалап, олардың ғылыми-зерттеу қызметін күшейтуге және инновациялық жобаларды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Проректор бұл орталықтардың студенттер мен жас ғалымдар үшін тәжірибелік база ретінде маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Ал, Мұхан Байтемиров жаңа зертханалардың ашылуы ғылыми әлеуетті арттырудағы маңызды қадам екенін сөз етті. Оның айтуынша, мұндай заманауи зерттеу орталықтары құрылыс саласындағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған қолданбалы ғылымды дамытуға жол ашады. Сонымен қатар, Балғын Тұрлыбаева жаңа зертханалардың университеттің инженерлік бағыттағы білім беру сапасын көтеруге ықпал ететінін айтты. Ол бұл орталықтар студенттерге теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

Ашылған жаңа зертханалар BR24992867 «Қазақстанның су шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және басқарудың ресурсүнемді технологияларын дайындау, инновациялық инжиниринг орталығын құру» ғылыми бағдарламасы аясында іске қосылды. Бұл бағдарлама еліміздегі құрылыс, су шаруашылығы және инженерлік инфрақұрылым салаларындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған.

Жаңа «Геотехника» ғылыми зерттеу және сынақ зертханасында құрылыс нысандарының іргетасын құрайтын топырақтардың физикалық, механикалық және деформациялық қасиеттерін анықтау бойынша кешенді зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар, гидротехникалық құрылыстарға арналған топырақ үйінді бөгеттерінің поликомпонентті құрамдарын зерттеу, олардың беріктігі мен тұрақтылығын бағалау жұмыстары атқарылады.

Ал, «STEAM құрылыс материалдары мен конструкциялары» зертханасы құрылыс материалдарының заманауи қасиеттерін зерттеуге бағытталған. Мұнда бетонның беріктік сипаттамалары, су өткізбеу қасиеті, аязға төзімділігі, полимерцементті және фибробетон материалдарының технологиялық ерекшеліктері жан-жақты талданады. Бұл зерттеулер құрылыс индустриясында қолданылатын материалдардың сапасын арттыруға және жаңа инновациялық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Жиын барысында қатысушыларға зертханалардың техникалық мүмкіндіктері мен соңғы үлгідегі жабдықтары таныстырылып, презентациялық көрсетілім ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу бағытындағы нетворкинг кездесулер өтті.

Мамандардың айтуынша, аталған зертханалар құрылыс саласындағы топырақ негіздерінің беріктігін стандарт талаптарына сай бағалайтын, құрылыс материалдары мен конструкцияларының сапасын сенімді түрде анықтайтын заманауи ғылыми-инновациялық орталықтарға айналмақ.

Жиын соңында қатысушылар құрылыс саласы мен инженерлік зерттеулердегі өзекті мәселелерді талқылап, болашақта бірлескен ғылыми жобаларды дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.